“АППАҚ БАТЫР” — ғашықтық дастаны. Жыр үлгісімен шығарылған көлемді дастан. Халық ақыны Ж.Жантөбетов ел аузынан жазып алған. Хан қызы Күнхан мен Зүбарша деген жігіттің ыстық махаббаты, оған кедергі жасамақ болған қыз әкесі Қадырша хан мен қарауындағы адамдардың қара ниет әрекеттерін әшкерелеген Аппақ батырдың ерлікістері мен екі жасқа бостандық әперген адамгершілігі жырға арқау болған. Дастанның негізгі идеясы ақ махаббат, әйел теңдігі. Шығарма еш жерде жарияланбаған. Түпнұсқасы толық күйінде ҚР ҒМ — ҒА-ның Орт. ғыл. кітапханасы қорында сақтаулы. Дастанның екінші бір нұсқасы, “Зеберше мен Гүлханыс қиссасы” деп аталады. Қолжазбада — “Аппақ хан”. Бұл жыр 1942 ж. Шымкент обл-ндағы Бегімен Мұратбекұлы деген жыршыдан жазылып алынған. Жыр оқиғасы А. б. дастанымен ұқсас болғанымен мұнда Аппақ Үрім патшасы болып, Күнхан қыз Гүлханыс деп өзгертілген. Екі жас азапты күндерді бастан кешіріп, қантөгіс соғыс арқылы бақыттарына жетеді. Дастанның тағы бір нұсқасы “Гүлханыс — Зеберше” деп аталғанымен қолжазбада “Аппақ патша” деп жазылған. Бұл жырды ел аузынан ақын, әнші Б. Бектұрғанов жазып алған. Жыр мазмұны алдыңғы нұсқалармен ұқсас. Кісі аттары мен жеке көріністерде ғана айырмашылық бар. Бұл нұсқа да толық күйінде ҚР ҒМ — ҒА-ның Орт. ғыл. кітапханасы қорында сақтаулы.