АПАТРИДТЕР, а п о л и д т е р (грек. A+patris — отаны жоқ, отанынан айрылған) — азаматтығы жоқ адамдар. Кейде оларды “аполидтер” (ағылш. apolis — отансыз) деп те атайды. Апатридтік ахуал адам не жекелеген адамдар тобы басқа мемлекеттің азаматтығын алмай тұрып, өз мемлекетінің азаматтығынан өз еркімен шыққан немесе шығарылған жағдайда пайда болады. А. өздері тұратын мемл-тің Конституциясын құрметтеуге, заңдарына бағынуға тиіс. Олар басқа мемл-тің қорғауын пайдалана алмайды, әдетте, құқыққа қабілеттері шектеулі болады. Мыс., олардың сайлау құқығы болмайды. Түрлі жағдайларға байланысты әлемде бұл құбылыс кең етек алды. Әсіресе, Ауғанстандағы, Таулы Қарабахтағы және Тәжікстандағы жағдайлар А. қатарын күрт көбейтіп жіберді.
А. статусы (1954 ж.) және Бейазаматтықты азайту (1961 ж.) туралы халықаралық конвенциялар бар. ҚР-ның Конституциясында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Республика азаматтары үшін белгіленген құқылар мен бостандықтарды пайдалануы, сондай-ақміндеттерді атқаруы (12 бап, 4-тармақ) көзделген.