АНХИТЕРИЙ (Anchitherium) — жылқы тұқымдасының миоцен дәуірінде негізгі тармағынан бөлініп шыққан арғы тектерінің бірі. А-дің қаңқа қалдықтары Бат. Еуропада, Шығ. Азияда және Солт. Америкада табылған. Қазақстанда Павлодар маңындағы Қалқаман ойысында және Ұлы Жыланшық өз-нің жағалауындағы миоцен дәуірінің алғашқы жартысында пайда болған шөгінді қабаттардан табылды. А-лер суы мол тоғайлы ортада тіршілік еткен. Пішіні қазіргі жылқылардан кіші болған. Жақ тістерінің сыртындағы тік ойыстары терең болғандықтан, тіс қорабы ирек келген. Негізгі жақсы дамыған уақыты миоценнің ортасы, ал осы дәуірдің соңына қарай құрып кеткен. Сол дәуірде тіршілік еткен кейбір мастодонт, мүйізтұмсық, халикотерий, бұғы тәрізділер, кемірушілер түрлері де осы А. фаунасына (жануарлар топтарына) кіреді.