АНТРОПОЛОГИЯ

АНТРОПОЛОГИЯ (грек. Arthropos  — адам, logos — ілім) — адамның шығу тегін, дамуын, дене құрылысын, нәсілдік ерекшеліктерін зерттейтін жалпы биология ғылымының қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысы бар саласы. А. терминін алғаш рет Аристотель енгізді. А. ұғымы көне грек дәуірінен бастап белгілі болғанымен орта ғасырдың аяғына дейін адамның физ. құрылысын зерттейтін, ішінара адам психол-сы мен этног. ерекшеліктерін сипаттайтын да ғылым саласы болып келді. 19 ғ-дың ортасынан, А- ның жалпы ғылымдағы орны, мазмұны, анықтамасы жөнінде екі түрлі көзқарас қалыптасқан. Оның бірі — 18 ғ-дан франц. ойшылдарының пікірлеріне сәйкес адамға тән құрылысын, тіршілік-әрекетін, тілін, мінез-құлқын, материалдық және рухани қазыналарын, т.б. зерттеу. Қазіргі кезде мұндай көзқарасты АҚШ, көптеген Батыс Еуропа елдерінің антропологтары қолдайды. Ал 2-көзқарас — адамның дене құрылысы ерекшеліктерінің уақыт, кеңістік бойынша өзгерісіне ерекше мән беру. Мұны Ресей, т.б. елдердің ғалымдары қуаттайды. Қазіргі кезде А. 3 түрлі өзекті мәселеге — адамның дене құрылысы ерекшеліктеріне, шығу тегі мен оның дамуына, этник. құрамының қалыптасуына ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты эволюц. А., физ. А., этникалық А. болып бөлінеді. А. ғылымында кеңінен қолданылатын әдістің бірі — антропометрия,яғни тірі адам денесінің түрлі мүшелерінің өзгерісін өлшеу. Сонымен қатар А-лық мәліметтерді қолдану (биометрия), биохим., генетик., иммунолог., т.б. әдістер де пайдаланады. А. ғылымына П. Брок, Р. Мартин, Л. Мартин, Л. Лики, А.П. Богданов, Д.Н. Анучин, В.В. Бунак, Я.Я. Рогинский, В.П. Алексеев, т.б. ғалымдар ерекше үлес қосты.

Орыс ғалымы Н. Харузиннің “Бөкей ордасының қырғыздары” (1889 ж.) деген антропол. очеркінде 400-ден астам қазақтың (ерлер ғана) морфол. бейнесіне (фенокейпіне) алғаш рет ғыл. сипаттамалар берді. Қазақ халқының жалпы А. типі еуропеоид және монғолоид тектес расалардың қосындысынан пайда болған деп тұжырымдалған. 20 ғ-дағы Қазақстан жерінен табылған палеоантропол. материалдар қазақтардың ежелден автохтон халық екендігін толық дәлелдеді. Ғылымда қазақтың А. типі метистік топқа жатқызылып, оған тұрандық түр (тұраноид) деген нәсілдік атау берілді.

Қазақтар арасында арнайы А- лық зерттеу жұмыстарын жүргізген Ресей ғалымы А. Ярхо. Оның қолжазба түрінде сақталған “Алтай — саян түріктері” деген очеркін антрополог Г.Ф. Дебец өңдеп, 1947 ж. Абаканнан бастырып шығарды. Бұл зерттеуде Алтай — Саян өңіріндегі түркі халықтары А-лық тұрғыдан үш топқа (кіңдіказиялық, алтайлық және оралдық) бөлініп жүйеленген. Бірінші топтың А-лық өкілдері ретінде монғолдар мен буряттар, екінші топқа қазақтар мен қырғыздар, үшінші топқа шорлар алынған да, барлығы монғолоид расасына жатқызылған. Тек, 1950 ж. ғана соңғы 2 топтың А-лық типі аралас екені, яғни өздерінше бөлек метистік топтарға жататындығы анықталды. 1947 — 48 ж. КСРО ғалымдары Г.Ф. Дебец, В.В. Гинзбург, М.Г. Левин, Н.Н. Тебкосаров арнаулы А-лық экспедициялар ұйымдастырып, қазақтар арасында кең зерттеулер жүргізді. Осының нәтижесінде “Қазақстанның антропологиялық очеркі” жарыққа шықты. Онда қазақтың А-лық типінің қалыптасуы қола дәуірінде осы жерді мекендеген тайпалардан басталатындығы көрсетілді. Гинзбург қазақ жеріндегі ертедегі тайпалардың А-лық ерекшеліктеріне сүйене отырып, осы күнгі қазақтарға тән морфол. ерекшеліктер б.з.б. 10 — 8 ғ-да Қазақстанның солт. аймақтарында қалыптасқанын анықтады. Қазақ антропологі Оразақ Смағұлұлы 60-жылдары респ-ның әр өңірінен қазақтардың бас сүйегі мен қаңқа сүйектерін жинап, Санкт- Петербургтегі Антропол. және этногр. мұражайына тапсырды. Осы жылдары қазақтардың тіс құрылыстары зерттеліп, моногр. еңбек жарияланды (О. Смағұлов, К. Сиқымбаева “Қазақстанның этникалық одонтологиясы”, 1977 ж.). Бұл салада О. Смағұлұлы ұзақ жылдар (1977 — 96) зерттеулер жүргізіп, қазақ халқы жайлы (қола дәуірінен қазіргі кезең аралығын қамтитын) көлемді А-лық деректер жинап, құнды еңбектер жариялап келеді. Ғалым антропометрия, одонтология, краниология, т.б. әдістерді пайдаланып, қазіргі қазақ халқының арғы тегі қола дәуірінде Андрон мәдениеті қалыптасқан әрі еуропеоидтік, әрі монғолоидтық сипаты бар тайпалар болғандығын дәлелдеді. А. ғылымының респ-дағы орталығы ҚР-ның ҒМ — ҒА- ның тарих және этнология ин-тының этнол. және антропол. бөлімі болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *