АНТОНИМ(грек аnti — қарсы, оnynа — ат, атау) — мән- мағынасы бір-біріне қарама-қарсы қолданылатын сөздер. Лексикологияда құбылыстың (күн — түн), ұғымның (бақ — сор, жақсылық — жамандық), сапаның (жаңа — ескі), қимылдың (кіру — шығу), т.б. қарсы мәндегі сөздердің мағыналары А-дік жұп құрайды. Заттың атауын білдіретін сөздердің А-дік жұбы болмайды. Сонымен қатар А. қарама-қарсы мағына арқылы сөздердің мағыналық тұтастығы мен біртектілігін де білдіреді. А. сөздің дәл, нақты мағынасын салыстыру тәсілі арқылы айқындап, стилистикалық қызмет атқарады. Әсіресе, мақал-мәтелдерде жиі қолданылады. Мыс., Көз — қорқақ, қол — батыр; Өтірік — қаңбақ, шын салмақ. Қазақ тілінде фразеологиялық А-дер көп кездеседі: аты шықты — аты өшті; жүрек жұтқан — су жүрек; соры қайнады — көзі ашылды.