АНТИЯДРОЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫС

АНТИЯДРОЛЫҚ ҚОЗҒАЛЫС — әлем халықтарының ядролық соғыс қаруын жасауға, сынауға, қолдануға қарсы күресі. Атом бомбасын алғаш рет АҚШ әскери әкімш. 1945 ж. 6 тамызда Жапонияның Хиросима қ-на тастап, қаланың 140 мың адамын қырғынға ұшыратты, кемтар етті, қала толық қиратылды. Үш күннен кейін Нагасаки қ- на тасталған атом бомбасынан 75 мыңға тарта адам қазаға ұшырап, өмірлік арылмайтын зардап шекті. 1949 ж. тамызда КСРО-да алғашқы ядролық соғыс қаруы Семей сынақ алаңында жарылды. Содан бергі 46 жыл ішінде мұнда 459 жарылыс (оның 113-і атмосферада) жасалып, сынақ алаңымен іргелес аймақ тұрғындарының денсаулығына, айналадағы ортаға орасан зор зиян келтірілді. Мұндай ғаламат опат пен халықтар басына түскен қасірет ядролық жарылыстарды тоқтату қажеттігін тудырды. 1963 ж. тамызда атмосферада, ғарышта және суда атом қаруын сынауды тоқтату туралы шартқа қол қойылды. Бірақ бұл шарт талаптары ұзақ уақыт орындалмады. 70-жылдары КСРО басшылары Кеңес Одағындағы атом сынағы бейбітшілікке бағытталған, халыққа, табиғи ортаға зияны жоқ деген екіжүзді саясат ұстанды. Ұзақ уақыт жер астындағы сынақтардың қауіпсіздігі туралы жалған түсінік насихатталды. 1989 ж. ақпанда Қазақстанда ядролық жарылысқа қарсы халықар. “Невада-Семей” А. қ-ы дүниеге келді. Ол дүние жүзінің көптеген елдеріндегі халықтар тарапынан қызу қолдау тапты. 1991 ж. мамырда қазақстандық “Аттан” штабы құрылды. Сол жылғы шілде айында Семей сынақ полигонының қызметін тоқтатуға бағытталған жалпыхалықтық шеру ұйымдастыруды мақсат еткен “Аттан” үндеу-газеті шықты. 1991 ж. 29 тамызда Қазақстан Президенті Н. Назарбаев Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндағы ең соңғы жарылыс 1995 ж. 30 мамырда жасалды. Сөйтіп халықар. “Невада-Семей” А. қ-ы алға қойған мақсатының алғашқы сатысы — Семей ядролық сынақ алаңын жабу жүзеге асырылды. А. қ-тың бүгінгі алға ұстаған ұраны — ядролық қаруға жаппай тыйым салу келісіміне қол жеткізу.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *