АНТИЦИКЛОН

АНТИЦИКЛОН — (грек. Anti- қарсы, циклон — айналым) — біркелкі қысым сызықтарымен тұйықталған, атмосфералық қысымы жоғары аймақ, яғни жоғарғы қысым жүйесі. Кейде А. деп кез келген қысымы жоғары және біркелкі қысым сызықтарымен тұйықталмаған “қысым жотасын” да айта береді. А-да ауа қысымы ортасынан шетіне қарай төмендейді. Солт. жарты шарда А. ауасы сағат тілінің айналу бағытымен орталықтан сыртқа қарай ағады. Оңт. жарты шарда ауа сағат тіліне қарсы бағытта, сыртқа қарай ағады. А. ортасында ауа жоғарыдан төмен бағытталғандықтан, онда атмосфера шептері болмайды. Ауа массасы төмен түскен сайын адиабатты түрде жылиды да темп-ра инверсиясы пайда болады. Қазақстанға, көбіне, қыста шығыстан Сібір А-ы тараса, жазда батыстан Азор А-ы әсерін тигізеді. Құрлық үстіндегі А-ның орталығында селдір бұлтты ауа райы орнығады және оның солт-нде жылы ауа массасы қалыптасып, жазда будақ бұлттар, қыста қатпарлы бұлттар байқалады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *