Арылу —1) күмәнді “күнәдан”, “жамандықтан” “тазарудың” діни рәсімі. А-дың негізінде ежелгі дәуірлердегі табиғат күштеріне, отқа, суға, Көк Тәңірге табынудың ізі бар. А-дың діни рәсім жоралары әр дін, әр жер, әр халықта әртүрлі. Мыс., Солт. Америкадағы үндістер көбіне монша буына түсіп “арылса”, Орт. Америкада — қан шығару арқылы, ал Оңт. Америкада — құстыратын сусындар ішіп “арылады”. Қоғамдық қарым-қатынастар мен діни көзқарастардың дамуына байланысты “күнәлар” туралы ұғым да, соған орай А. рәсімдері де әр түрлі дәрежеде өзгерістерге түсті; 2) оң жолға, ақ жолға түсу, яғни адамды қор ететін мінез-құлық, әдеттерден А. Бұл орайда ұлы Абай “Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, олар: надандық, еріншектік, залымдық” деп көрсетеді. Ілім-білімнің жоқтығы, яғни надандық — адамның көзін байлайды, жақсы-жаманның нарқын ажыраттырмайды. Ал еріншектікке келер болсақ: “талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік — бәрі осыдан шығады”. Ал “залымдық — адам баласының дұшпаны. Адам баласына дұшпан болса — адамнан бөлінеді, бір жыртқыш хайуан хисабына қосылады. Бұлардың емі — халқына махаббат, халық ғаламға шапқат, қайратты, тұрлаулы, ғадаләт ісінің алды-артын байқарлық білімі, ғылымы болсын” (“отыз сегізінші сөз”) дейді. Демек, адам өзін “қор қылатын үш нәрседен” әділеттілік, шапағаттылық, тұрлаулылық, ілім-білім жолы арқылы ғана арыла алады.