АРАБШАҺ (Арабиях оғлан, Арабша) — шайбани әулетінен шыққан сұлтан. Мамай тұсында Алтын Орда әскерінің атақты қолбасшыларының бірі болды. Шығу тегі: Шыңғысхан — Жошы — Шайбан — Баһадүр — Жошы Бұқа — Бадағұл — Мың Темір хан — Пулад — Арабшаһ. А. 14 ғ-дың 60 ж-нда Қазақстанның батысы мен солт.-батысындағы шайбанилар иелігінен Еділдің оң жағалауындағы Мамайдың иелігіне өтеді. 1377 ж. 2 тамызда Алтын Орда әскерін басқарып, Пьяне өз-нің бойында князь Иван басқарған Владимир, Переяславль, Юрьев, Муром, Ярославль, Нижегород әскерлеріне тұтқиылдан соққы беріп, тас-талқан етіп жеңді. А-тың әскері төменгі Новгородты, Рязаньды алды. А. есімі орыс жылнамаларында бұл оқиғалардан соң кездеспейді. Стэнли Лэн-Пульдің дерегінде А. шамамен 1377-78 – 78-79 ж. Алтын Ордада хан болған.