АНТИКЛИНОРИЙ (грек. anti — қарсы, klinо — ию, oros — тау) — ірі әрі қатпарлы қабаттардан тұратын күрделі геол. құрылым. Ұз. жүздеген, ені ондаған км-ге жетеді. А- дің көтеріңкі келетін орталық бөлігінде (ядросында) метаморфтанған көне жыныстар жер бетіне шығып жатады. А-ді құрайтын қарапайым антиклинальдар жүйесі өзімен іргелес синклинальдарға қарай төңкеріліп, олардың осьтік жазықтықтары бір-біріне қарама-қарсы бағытта желпуішше таралады. Қатпарлану процесі барысында А- дің қанаттарында сан түрлі жарылымдар пайда болады. Олардың бойымен А. бөліктері әр түрлі бағытта қозғалысқа түседі. Кейде бұл жарылымдар магма каналдары рөлін атқарады. Сөйтіп А-дің көне жыныстардан тұратын орталық бөлігіне ірі-ірі интрузия массивтері енеді. Қазақстанда Ұлытау, Шыңғыс, Тарбағатай, т.б. А-лері бар.