АНОРГАНИКАЛЫҚ ХИМИЯ, бейорганикалық химия — хим. элементтерді, солардан түзілетін жай және күрделі заттарды әрі олардың өзгеруін зерттейтін ғылым. Көміртектің кейбір қарапайым қосылыстары (оксидтері, қышқылдары, олардың тұздары) ғана А. х-да, ал көптеген басқа қосылыстары органикалық химияда зерттеледі. А. х-ның негізгі мәселелері: элементтердің атомдық құрылысын анықтау, олардың қасиеттерін атом құрылысы теориясы тұрғысынан түсіндіру, жай және күрделі заттардың молекулалық, кристалдық құрылымдарын анықтау, сондай-ақ қазіргі ғылым мен техникаға сай қажетті қасиеттері бар (мыс., беріктік, қызуға, әр түрлі сәулелердің әсеріне төзімділік, т.б.) жаңа материалдар алу. А. х-ның теориялық негізі — химияның стехиометриялық заңдары мен элементтердің периодтық жүйесі. Заттар бір-біріне айналып өзгергенде олардың сандық және сапалық қатынастарын атомистиканың негізін қалайтын заттардың масса сақталу заңы, құрам тұрақтылық заңы, еселік қатынас заңы, эквивалент заңы, сол сияқты газдардың көлемдік қатынастар заңы анықтайды. Хим. зерттеудің негізгі әдістері — анализ бен синтез А. х-да кеңінен қолданылады. Қазіргі кезде А. х-да жүздеген мыңнан асатын заттар белгілі. Олардың маңызды кластарына элементтердің сутекпен, оттекпен, галогендермен, сол сияқты басқа бейметалдар мен металдардың өзара түзілетін қосылыстары, сонымен қатар күрделі заттар: негіздер, қышқылдар, тұздар жатады (қ. Анорганикалық қосылыстар). Даму барысында А. х-ның кешенді қосылыстар химиясы, анорганикалық полимерлер химиясы, шала өткізгіштер химиясы, металдар және металл органикалық қосылыстар химиясы, радиохимия, тізбекті анорганикалық қосылыстар химиясы, кластерлер химиясы, анорганикалықбиохимия, т.б. сияқты үлкен салалары пайда болды. Хим. өнеркәсібініңкөптеген салаларының дамуы А. х-ның жетістіктеріне тікелей тәуелді. Дәстүрлі маңызды заттар өндіретін өнеркәсіптермен (мыс., тыңайтқыштар, тұздар, қышқылдар, жай заттар, т.б.) қатар, жаңа материалдар шығаратын салалар (мыс., кристалдық шыны немесе ситалл өндіру) пайда болды. А. х-ның жаңа кезеңі ядролық энергетиканың, реактивтіктехниканың, ғарыштық зерттеулердің дамуына байланысты 20 ғ-дың 2-жартысында басталды. Табиғатта болмайтын әрі физ.-хим. және мех. қасиеті жағынан ерекше талаптарға сай келетін жаңа материалдарды синтездеу (мыс., ядр. энергетикаға, ғарыш кемелеріне қажетті ниобий, титан, молибден, цирконий, вольфрам, тантал сияқты сирек кездесетін металдар) пайда болды. Шала өткізгіш материалдарды тұтынатын салалардың көбеюі (микроэлектроника, компьютерлік техника, т.б.) оларға қажетті кремний, германий, натрий, сүрме, индий, т.б. элементтерді аса таза күйінде алу әдістерін тауып жүзеге асыруды қажет етті. Ең соңғы ашылған жаңалық — асқын өткізгіштердің алынуы да А. х-ның табысы болып саналады. Минералдық шикізат қорын игеруге байланысты Қазақстанда А. х- ның көптеген салалары дамыған. Жүйелі зерттеулер ҚР ҒМ — ҒА-ның Химия ғылымдары ин-тында, Хим.-металлургия ин-тында (Қарағанды қ.), Мұнай және табиғи тұздар химиясы ин-тында (Атырау қ.), сондай-ақ Қазақ ұлттық мемл. ун-тінде, Қарағанды мемл. ун-тінде, т.б. оқу орындарында жүргізіледі. Республикамызда А. х-ның қалыптасуы мен дамуы Ә.Б. Бектұров пен Б.А. Бірімжанов есімдерімен тығыз байланысты. Олар 1940 жылдары фосфор тыңайтқыштарын алу, табиғи тұздар өндіру, жасанды күрделі заттарды синтездеу, т.б. бағыттардағы ғыл.-зерт. жұмыстарын ұйымдастырумен қатар осы салаларға қажет мамандар даярлауды да жолға қойды.
1951 ж. Қазақстан ҒА-ның Химия ғылымдары ин-тында табиғи тұздар лабораториясы ұйымдастырылды. Ондағы зерттеулер нәтижесінде натрий сульфатына бай Шөладыр кенінің хим. және геол. сипаттамасы берілді. Жалаулы көлі Өскемен титан-магний және Павлодар химия комбинаттарының шикізат көзі ретінде ұсынылды. Балқаш металлургия комбинатының сульфат шикізат қорын кеңейту мақсатында 1950 — 60 ж. ҚазМУ-де табиғи сульфаттарға бай Алакөл, Балқаш, т.б. көлдердің суларының құрамы және оларды тиімді пайдаланумәселелері зерттелді. Алынған нәтижелердің негізінде континенттік тұз түзілу гипотезасы ұсынылды (Бірімжанов) және табиғи судағы микроэлементтердің таралу заңдылықтары анықталды (Бектұров, А.И. Мун, Р.А. Жаймина, З.А. Базилович). Қаратау және Ақтөбе фосфориттерін, Индер бораттарын қышқылдармен және қоспалармен айыру тәсілдері табылып, көп құрамды жүйелердің ерігіштігі зерттелді (Р.Ф. Савич, М.Р. Танашева, Г.П. Кияткин, Ө. Жүсіпбеков, М.Н. Қазова, Р.А. Қазов). Натрий-кальций силикатын, франколитті, гидроксилапатитті, т.б. жасанды минералдарды автоклавта синтездеу жүзеге асырылды (Е.А. Букетов). Органикалық емес қышқылдардың амидтермен және тиоамидтермен реакцияласуы зерттеліп, олардың арасында көптеген қосылыстардың (амидқышқылдардың) түзілетіні дәлелденді.