АННИГИЛЯТТАНУ, аннигиляция (көне лат. annihilatio — жойылу, құру), жұптар аннигилятт а н у ы — бөлшек пен антибөлшектің әсерлесуі кезінде элементар бөлшектердің басқа түрге айналу процесінің бір түрі. Электрон мен оның антибөлшегі — позитрон соқтығысқанда электр магниттік сәулеге (фотонға немесе ᵧ — квантқа) айналады. Термин дұрыс аталмаған, өйткені А. процесі кезінде барлық сақталу заңы орындалады. Бұл процесте материя жойылмайды, ол бар болғаны бір түрден екінші түрге айналады. Сондай-ақ электр магниттік немесе басқа да өзара әсерлесулер кезінде бір мезетте бөлшек және антибөлшек жұбы пайда болады. Жұптардың пайда болуы — жұптар А-ына кері жүретін процесс. Жұптар А-ын, антибөлшектің бар екендігін, жұптардың пайда болу мүмкіндігін ағылш. физигі П. Дирак теория жүзінде 1931 ж. болжап айтқан (қ. Дирак теңдеуі). 1933 ж. француз физиктері И. және Ф. Жолио-Кюрийлер магнит өрісіне орналастырылған Вильсон камерасының көмегімен электрон-позитрон жұбын бақылаған. Жұптардың А. құбылысы электр магниттік өзара әсер арқылы ғана емес, сонымен бірге (мыс., я-мезонға айналып кететін нуклон мен антинуклон А-ы) күшті өзара әсер арқылы да жүзеге асады.