АНКАРА

АНКАРА, бұрынғы атауы Ангора – қала, Түркияның астанасы, Анкара уәлаятының әкімш. орталығы. Орталық Анадолы үстіртінде, теңіз деңгейінен 891 м биіктікте, Чубук және Анкара өз-дерінің түйіскен жерінде (Сакария өз. алабы) орналасқан. Тұрғыны 3,1 млн. адам (1998). Негізін б.з.б. 7 ғ-да фригийя патшасы Мидас қалады. 14 ғ-да Осман империясының иелігіне көшті. 1402 ж. шілде айында А. түбінде Әмір Темір мен түрік сұлтаны Баязид І-нің арасында үлкен шайқас болды. 1864жылғы уәлаят жөніндегі реформадан кейін А. — Анадолы уәлаятының, ал 1919 жылдың аяғынан бастап ұлт- азаттық қозғалысының (Кемаль революциясы) орталыты, 1920 жылы 20 сәуірден Түркияның Ұлы ұлттық мәжілісінің және ол құрған үкіметтің резиденциясының орталығы болды. 1923 жылғы 13 қазаннан Түркияның, ал 1923 жылдың 29 қазанынан Түрік Республикасының астанасы. А-да өнеркәсіп салалары жақсы дамыған. Авиация, қару-жарақ, трактор құрастыру, резеңке бұйымдарын жасау зауыттары, машина жасау, тамақ, тері, ағаш өңдеу кәсіпорындары, т.б. жұмыс істейді. А-ның ескі бөлігінде архит. ескерткіштер жиі орналасқан. Мұнда Август пен Ромның храмы (б.э.б. 2 ғ.), 12 — 15 ғ- да салынған Алладиннің, Арсылан ханның, т.б. мешіттері бар. Ескі қаладан оңтүстікке қарай соңғы архитектуралық үлгіде салынған жаңа қала өрбіді. Президент сарайы, театрлар, Ататүрік кесенесі (1953) көз тартады. А-да университеттер, консерватория, 6 театр, археол. және этногр. мұражай, Ұлттық кітапхана тұтас көркем архитех. ансамбль құрайды. А. автомоб. жолдары арқылы уәлаят орталықтарымен, т.ж. арқылы Қара т-бен, Босфор (Стамбұл қ-мен), Мәрмөр (Измит қ-мен), Эгей (Измир қ- мен) және Жерорта т-дерімен (Мерсин, Искендерон қ-ларымен) жалғасады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *