АНИЧКОВ Иван Васильевич (1863 ж. — ө.ж б.) — орыс ғалымы, археолог және этнограф. 1888 ж. Петербург ун-тінің шығыс тілдері ф-тін бітірген. Түркістан мен Орынбордың ғыл. мекемелерінде жұмыс істеді. Мерке маңындағы, Қостанай, Қазалы уездеріндегі, Торғай обл-ндағы тас мүсіндер, обалар мен басқа да археол. ескерткіштерді, Әулиеата уезі Бесағаш қонысындағы көне қала орнын, Таразды және Сауран мұнарасын сипаттаған мақалалар жариялады. “Ұмытылған өлке”, “Қырғыз даласындағы халықының құлдырауы” аталатын еңбектерінде қазақ халқының ауыр халін сөз етті. А. Ресей отаршыларын сынға алып, “қазақ халқы Ресейдің қол астына қарағанда оның тағдырын осыншама назардан тыс қалдыратындай ешбір жазығы жоқ еді” деп жазды. “Орыстандыру” саясатын мінеп, қазақтардың әдет-ғұрпына құрметпен қарады. “Түркістандағы халық өмірінің очерктері” аталатын еңбегінде қазақтардың тұрмыс-салты туралы мәліметтер, “Қырғыз батыры Жаңқожа Нұрмұхамедов” деген мақаласында Сырдария бойы қазақтарының көтерілісі, оның басшысы туралы нақтылы деректер берген. 1896 ж. “Қазан университетінің ғылыми жазбаларында” жарияланған “Қырғыз халық шығармашылығының ескерткіштері” деген мақаласында да тарихи және этнографиялық деректер мол.