АНДЫЗ (Inula) — күрделі гүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық, кейде бір жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстандағы шалғынды алқаптарда, өзен, көл жағасында, жазық және таулы жерлердегі ормандарда 12 түрі өседі. Олардың ішінде ең көп тарағандары — б и і к А. (I.helenium) және үлкен А. (I.grandis). Бұлардың биікт. 10 — 70 см-ден 2,5 м-ге дейін жетеді. Тік сабағына бүтін жиекті жапырағы кезектесе орналасады. Ашық сары түсті гүлі қалқанша тәрізденіп, бір-бірден не топтанып біткен себет гүл шоғырына жиналады. Маусым — шілде айларында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі цилиндр тәрізді тұқымша. Өсімдіктің тамырында жүрекке әсер ететін, қабыну процесін басатын, құрттар мен микробтарды өлтіретін қантты зат — эфир майы, инулин бар. Сондықтан А-ды бағалы дәрі-дәрмек алатын өсімдік ретінде пайдаланады, сондай-ақ тағам өндірісінде және бояу алу үшін қолданады.