АНДХРАЛАР, телугулер — халық. Ежелден Оңт. Үндістанның қазіргі Андхра-Прадеш штаты мен Майсур, Мадрас штаттары аумағында қоныстанған. Саны 8 млн. шамасында (1997). Дравид тілдері шоғырына жататын телугу тілінде сөйлейді. Б.з.б. 1-мыңжылдықтың ортасында андхра, калинга тайпалары Солт. Үндістаннан оңт-ке қоныс аударып, телугу тайпасымен араласып, б.з.б. 2 ғ-дан бастап б.з-дың 3 ғ. аралығында біртұтас халық болып қалыптасқан. Б.з.б-ғы 3 ғ-да ежелгі А. мемл. Маурья империясы құрамында болған кезде буддизм мен жайнизм сенімін қабылдаған. 4 ғ-дан бастап Гуптаның құрамына енгеннен кейін, индуизмді қабылдады. 1956 ж. А. бірыңғай Андхра-Прадеш штатына қайта бірікті. Негізгі кәсібі: суармалы егін ш. Күріш, темекі (вирджиния сорты), арахис, мақта, үпілмәлік егеді, қой, буйвол өсіреді. Қазіргі уақытта А-дың көбі (40%-і) темекі, тамақ (күріш тазарту, қант, үпілмәлік, кастор майын өндіру), тігіншілік пен тоқыма (көбіне, жеке адамдар) өнеркәсібінде жұмыс істейді.