АНАХАРСИС

АНАХАРСИС (б.з.д. 6-7 ғ.) тарихта “Скиф Анахарсис” деген атпен белгілі сақ ғұламасы. А. — патша тұқымынан шыққан ханзада, анасы — эллиндік. А. Эллинде сол кездегі белгілі білім мен өнердің барлық саласын меңгерген. А. жөнінде Геродоттың “Тарих” еңбегінде айтылған. Платон “Мемлекет” деген еңбегінде А-ті Гомер, Фалеспен қатар қойса, “Протагор” деген туындысында әлемдегі “жеті ғұламаның”бірі деп таныған. А. Афинада әйгілі кемеңгер Солонмен жақын дос болған. А. есімі Аристотельдің “ Анапитикасының” 2-кітабында, “Никомах этикасында” аталады. Секет Эмпирик А. дүниетанымына талдау жасай келе, оны скептик деп көрсетеді. А. туралы мол мағлұмат Лукианда да беріледі. А-тың көркем бейнесін Плутарх жасаған, оның “Жеті ғұлама сауығы” аталатын еңбегінде Фалес, Солон, Периандр, Питтак, Биант, Хилон, Клеобулдармен қатар А. те аталады. А. есімі Мишель Монтенің “Тәжірибелерінде” екі жерде аталады. Диоген Лаэртский “Атақты философтардың өмірлері, ілімдері, нақыл сөздері” аталатын кітабында А. айтты деген афоризмдер келтіріледі. Оның дерегі бойынша, кеменің зәкірін, шығырлы дөңгелекті А. ойлап тапқан. Кемеңгер А-тан қалған: “Баска пәле тілден”, “Татымсыз мың достан адал бір дос артық”, “Базар —адамдардың бірін- бірі алдап-арбап, ұрлап-жырлауы үшін әдейі жасалған орын”, “Элладалықтар қызық осы; мұнда сөзді ақылдылар айтады да, ал мәселені ақымақтар шешеді” деген т.б. даналық сөздер бүгінге жетіп отыр. А. “әлі көп пе, тірі көп пе?” деген сұраққа “Ал теңізде жүзіп жүргендерді қайсысына қосамыз?” деп қайыра жауап берген екен. Оның А. шешендігін мойындағанның белгісі ретінде Афина зиялы қауымында “Скиф осылай сөйледі” деген мәтел тараған. А. өмірі өз елінде аяқталған, Лукианның айтуынша, оны өз туысы атып өлтірген. Өлім аузында жатқан А.: “Элладада мені ақылым сақтаса, туған жерімде қызғаныш құрбаны болдым” деген екен. А-тың жазған 800 жолдай өлеңінің біразы “Латын антологиясы” атты неміс тілінде жарық көрген жинақта жарияланған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *