АНАФАЗА

  АНАФАЗА (грек. аna — қарсы, рһаsіs — пайда болу, шығу) — клетканың күрделі бөліну түрі — митоздың үшінші сатысы. Клетканың митоздық бөлінуін қамтамасыз ететін митотикалық аппарат екі түрлі микротүтікшелерден құралады. Орталық микротүтікшелер клетка полюстеріне ажыраған центриольдерді (өте ұсақ денелер) бір-бірімен өзара байланыстырып, ахроматин ұршығын түзеді. Ал шеткі микротүтікшелер центриольдерді хромосомалардың орталық бөлігімен (центромерлерімен) байланыстырады. Оны хромосомалар жіпшелері деп атайды. А. кезінде біріншіден — ахроматин ұршығының созылуы нәтижесінде клетка, центирольдер орналасқан екі полюске қарай қарама-қарсы бағытта қатты тартылып ұзарады. Екіншіден — клетканың орталық белдеуінде (экваторында) орналасқан хромосомалар хроматидалары ұзынынан жарылып, бір-бірінен клетка полюстеріне қарай ажырап ығысады да, әрқайсысы жеке хромосомалар болып қалыптасады. Сөйтіп саны екі еселенген жас хромосомалар митотикалық аппараттың көмегімен жас клетка ядроларын түзу үшін қақ жарылып, аналық клетка полюстеріне қарай, қарама- қарсы бағытта (минутына 0,2 — 5,0 мкм жылдамдықпен) ығысады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *