АНАР (Punica)

АНАР (Punica) — анар тұқымдасына жататын ағаш немесе бұта тәрізді субтропикалық өсімдік. Жабайы А. Кавказда, Орта және Кіші Азияда, Ауғанстан мен Үндістанда кездеседі. Кәдімгі А. (Р. Granatum) Орта Азия жемістерінің ішінде көп өсірілетін дақыл. Биікт. 3 — 5 м, бұтақтары тікенекті, ашық қызыл түсті келеді. А. жарықты жақсы көреді, құрғақшылыққа төзімді, суыққа төзімсіз. Бақта қатар аралығы 4×2 м немесе 4×3 м етіп отырғызылады.

Отырғызылғаннан кейін 3 — 4 жылда жеміс бере бастайды. А. тұқымынан және өсімді (вегетативті) тәсілмен, ал қолдан өсірілетін сорттары, көбінесе, сүректелген қалемше немесе ұластыру арқылы көбейеді. Орташа есеппен әр ағаштан 25 — 30 кг өнім алынады. Ағаштары жемісті 30 — 50 жылға дейін береді. Кейбір А. 300 жылға дейін өседі. Жемісінің салм. 200-ден 1000 г-ға дейін, дөңгелек (диам. 8—10 см), шырынды, көп тұқымды, сыртында қатты қабығы бар. Жемісінің шырынында 80 — 90% су, 8 — 12% қант, 0,5 — 5% түрлі қышқылдар, 3 — 4% көмірсу, С, В витаминдері болады. А-дан сироп, шырын алынады. Шарапқа және тағамға тұздық ретінде қосылады. А-дың қабығынан таспа құрт түсіретін дәрілік препарат дайындалады, тамырынан бояулық зат алынады, сондай-ақ тұмау, күйік, іш құрылысы ауруларында пайдаланады. Оңт. Қазақстанда А-дың қызғылт Гюлоща, Бала-мюрсаль, Қазаке анар, Қызыл анар, т.б. сорттары өсіріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *