АНАЛОГИЯ

АНАЛОГИЯ (грек. analogia — сәйкестік, ұқсастық) — әр түрлі объектілердегі кейбір қасиеттердің ұқсастығы. Логикада дедукция, индукциямен қатар қолданылатын ой тұжырымы. А-да ой өрісі жекеден жекеге немесе жалпыдан жалпыға қарай ойысады. Адам өз ойын тұжырымдай отырып, кейбір белгілердің ұқсастығынан сол нәрселердің басқа белгілеріндегі ұқсастық туралы қорытынды жасайды. А- лық тұжырым жасау адамзат енді-енді қауымдаса бастаған шақтың өзінде-ақ қолданыс тапқан. Мыс., адамдар алғаш қауымдаса бастаған кезеңде табиғат заңдылықтарын әлі жете меңгере алмаса да, аң аулауда, басқа да тіршілік салаларында А-лық тәсілді стихиялы түрде қолданды. А. ежелгі грек тілінде пропорция дегенді білдірген. Грек математиктері сандар жүйесінде 6:9=8:12 цифрларының А-лы екендігін аңғарған. А. бойынша ой тұжырымдаудың мәнісі, негізінен, мынадай схемаға сәйкес келеді: “А-ның а, б, в, с белгілері бар; В-ның а, б, в белгілері бар. Демек, В-ның да с белгісі болуы мүмкін”. Ұқсастырылатын белгілердің сипатына қарай: қасиеттер А-сы және қатынастар А-сы болып екіге бөлінеді. Егер заттар белгілерінің ұқсастығы олардың қасиеттері арқылы салыстырылатын болса, онда ол қасиеттер А-сы деп аталады. Заттар қатынастар негізінде салыстырылса, онда ол қатынастар А-сы болады. Салыстырмалы заттар А-сы- ның объективті негізі — олардың қатынасы, жекелеген қырлары арасындағы заңды байланыстар. А. — алынған қорытынды, ықтималдық сипаттама. Ал оның дәрежесін көтеру үшін төмендегідей шарттар орындалуы тиіс: 1) салыстырылатын заттардың ортақ белгілері көп және әр түрлі сипаттарды қамтуы; 2) заттардағы ортақ белгілердің маңызды болуы; 3) ортақ белгілер мен салыстырылатын белгілер арасында заңды байланыстардың барлығы.

Әйтсе де А-ның ықтималдық сипатын асыра дәріптеуге болмайды. А-ның танымдық мәніндегі ерекшелік — ол, негізінен, зерттеу процесінің алғашқы кезендерінде қолданылады. А. ізденушінің білімін ұштауына, ақиқатқа қол жеткізуіне септігін тигізеді, бірақ оны ғыл. зерттеудің бірден-бір, негізгі тәсілі ретінде қарастыруға болмайды. А. — та- нымдағы көмекші тәсіл, білім жетілдірудегі көптеген әдістердің бірі болып қала бермек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *