АНДЕРСЕН Ханс Кристиан

АНДЕРСЕН Ханс Кристиан (2.4.1805, Оденсе қ. — 1.8. 1875, Копенгаген) — дат жазушысы. “Импровизатор” (1835), “Тек скрипкашы” (1837), “Қос баронесса” (1 — 3, 1849) романдары, “Мулат” пьесасы, “Ақын базары” (1842) жолжазба очерктер кітабы, “Менің өмірімнің ертегісі” өмірбаяндық кітабы, т.б. шығармалары әлем оқырмандарына жақсы таныс. Негізінен, әдеби ертегі, повестерімен даңқы шыққан. “Балаларға айтылған ертегілер” (1 — 3 кіт., 1835 — 37), “Жаңа ертегілер” (1845 — 48), “Оқиғалар” (1852 — 53) деген жинақтары жарық көрді. “Қайыспас қалайы солдат” (1838), “Шошқа бағушы” (1841), “Бұлбұл” (1843), “Сүйкімсіз балапан” (1843), “Қаршақыз” (1844), “Көлеңке” (1847), “Ана” (1848), т.б. танымал ертегі кітаптарында жазушы ар тазалығы мен жан жомарттығын, әділет, жақсылық сезімдерін ашып көрсеткен. А. ертегілері тек балаларға арналмаған. Әлеум.-психол. астар, ащы сарказм А. ертегілерінің көпшілігіне тән (мыс., “Корольдің жаңа киімі” ертегісі). А. атында халықаралық әдеби сыйлық бар. Қазақ жазушысы М. Қабанбаев “Пысық болдым, мінеки” повесінде ұлттық мінездің ерекшелігін ашып көрсеткені үшін Халықар. Х.К. Андерсен атынд. Үлкен Грамотасын алған (1989). А-нің “Ертегілер” (1948, 1951, 1960), “Перизат” (1968), “Сандық самолет”(1970), “Сүйкімсіз балапан” (1981), “Таңдамалы ертегілер” (1984) кітаптары қазақ тілінде жарық көрген.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *