АНГИДРИТ (гр. аn — сыз, сіз, емес қосымшасы және hudor — су) — сульфаттар класына жататын минерал. Хим. формуласы: СаS04. Гипстің сусыз түрі. Құрамында 41,2% СаО, 58,8% S03бар, стронций қоспа ретінде жиі кездеседі. Суды сіңіргенде көл. 30%-ке дейін ұлғайып, гипске айналады. Ромбылық сингонияда кристалданады. Түсі ақ, кейде көгілдір, сұр, қызғылт болып келеді, түссіз мөлдір түрлері сирек кездеседі, шыныдай жылтыр. Қатт. 3 — 3,5, меншікті салм. 2,8 — 3,0 г/см3. Құрғақ климатты аймақтардағы суы тартылып келе жатқан көлдерде, тұз кендерінде хим. шөгінді түрінде түзіледі. Құнды кристалдарынан ұсақ әшекейлі бұйымдар жасалынады. Негізінен, цемент өндірісінде пайдаланылады.