— Кинематографиялық өнерлер мен ғылымдар академиясының сыйлығы 1929 жылдан бері дәстүрлі түрде табысталып келеді. Бұл киносыйлықты MGM студиясының басшысы Луис Б. Майер ойлап тапқан.
— «Оскарды» ең көп алған адам — Уолт Дисней. 1932 жылдан бастап бұл аңыз тұлға сыйлықты жыл сайын дерлік алып отырған, барлығы — 26 рет «Оскар» иегері болды.
— «Оскар» сыйлығының символы — британий қорытпасынан құйылып, сыртынан алтын жалатылған, мәрмәр тұғырға орнатылған қолына қылыш ұстаған серіні бейнелейтін мүсін. Мүсіннің эскизін Седрик Гиббонс есімді дизайнер іш пыстырарлық жиналыстардың бірінде сызып шыққан екен.
— «Оскар» сөзі алғаш рет 6-шы марапаттау шарасында қолданылды. Әлі күнге дейін бұл аттың шығу тарихы мен мағынасы туралы түпкілікті түсініктеме жоқ.
— 2012 жылғы француз тілді «Артист» фильмі және оның режиссері Мишель Хазанавичус «Үздік фильм», «Үздік режиссер» номинацияларын жеңіп алды. Осыған дейін бұл категорияларды тек ағылшын тілді картиналар мен режиссерлер ғана алып отырған еді.
— Академия құрамына 6000-нан астам адам кіреді.
— Академиктер дауыстарын беріп, санақ жүргізілгеннен кейін, «Оскар» жеңімпаздарының есімдері салтанатты шараға дейін тек екі адамға ғана белгілі болады. Олар — дауыстарды есептеумен айналысатын «Price Waterhouse Coopers» аудиторлық компаниясының екі сарапшысы. Санақ жүргізілетін орынның мекен-жайы құпия сақталады. Жеңімпаздардың есімдері жазылған конверттер де марапаттау өтетін жерге аса құпия маршруттармен жеткізіледі.
— Ең көп «Оскар» алған фильмдер: «Бен-Гур» (1959), «Титаник» (1997) және «Сақиналар әміршісі: Корольдің оралуы» (2003) — әрқайсысы 11 реттен.
— «Оскарды» ең көп иемденген актерлер: Кэтрин Хепберн (4 рет), Мерил Стрип (3 рет), Уолтер Бреннан (3 рет), Ингрид Бергман (3 рет), Дэниел Дэй-Льюис (3 рет), Джек Николсон (3 рет).
Соңғы уақыттарда «Оскар» көп сынға ұшырап жүр. Соның ішінде Академия мүшелерінің дауыстарына түрлі жарнама кампаниялары, фильмдердің прокаттағы табысы мен танымалдығы өз ықпалын тигізеді деп сыншылар тарапынан кінәрат қойылуда. Қалай десек те, «Оскар» әлі де киногерлер үшін өз беделін жоғалта қойған жоқ, әлі талай жылдар бойы кино әлемінің ең салмақты сыйлығы болып қала бермек.
Дереккөз: kinostan.kz