АМАНУЛЛА ХАН (1.06.1892 — 25.04.1960, Ауғанстан, Желалабад қ.) — 1919 — 1929 жылдар аралығындағы Ауғанстан королі. Өкімет басына келісімен 1919 ж. 28 ақпанда Кабулдың бас мешітінде Ауғанстанның тәуелсіздігін жариялады. 1919 ж. мамыр айында үшінші ағылшын-ауған соғысы басталды. Бірақ ол көп ұзамай бітіммен аяқталды. 1919 ж. 8 тамызда Равалпинди шарты бойынша Ұлыбритания Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындады. 1921 ж. 28 ақпанда достық туралы КСРО — Ауған келісімшарты жасалды. 1922 ж. 2 ақпанда Қазақ АКСР астанасы Орынборға Ауғанстан делегациясы келді. Реформашылдық көзқарасты ұстанған А. х. бірқатар саяси және әлеум. өзгерістер енгізуге әрекеттер жасады. Атап айтқанда: Ауғанстанның үш түсті (қара, қызыл, жасыл) жалауын енгізді, құлдықты жойды, кәмелетке толмай некелесуге, әйел сатып алуға және әмеңгерлікке, т.б. тыйым салатын заңдар қабылдады. Көптеген жас ауғандықтар Еуропаға және Түркияға жіберіліп, білім алды. 1923 ж. Ауғанстанның тұңғыш Конституциясы қабылданды. 1926 ж. 31 тамызда Ауғанстан мен КСРО арасында бейтараптық және ішкі істеріне араласпау туралы шарт жасалды. 1929 ж. А. х. реформаларына наразы болған мұсылман дін басылары Бача Саккаудың жетекшілігімен үкіметке қарсы көтеріліс ұйымдастырды. А. х- ның шетелге кетуіне тура келді. Ұзақ уақыт Италияда өмір сүрді. 1960 ж. Швейцарияда қайтыс болды да, Желалабадта (Ауғанстан) жерленді.