АМАНТҰРЛЫ ҚОЖАЛАҚ ТАМЫ — сәулет өнері ескерткіші. Каспий мен Арал теңіздері аралығындағы Үстірт төскейінің оңг.-бат. шегін ала, Қарақалпақстанмен шектес жерге, Сам ауд-ндағы белгілі мазар-тамдар үлгісінде 19 ғ- дың аяқ кезінде салынған. Жаркұдық (ескі заманнан белгілі жайлау құдықтарының бірі) деген жерде. Қабырғасының ішкі беті оюмен әшекейленген, бір бағанасы оюлы, екінші бағанасы оюсыз болып отырады. Мазар салуда сирек кездесетін мұндай әдіс өзінше бір әдемілік түр ретінде қолданылған. Бірақ тасқа салған оюы ағаш оюына ұқсайды, өрілген ою қалпы бар. Оюды сызық тех-сымен түсіріп, кәдімгі зауыт бояуларымен бояуы, ішкі қабырғаларына қару-жарақ пен үй жабдықтарының суреттерін салуы жаңалық болып табылады. А. Қ. т-ның сыртқы беттері де оюлы. Терезелерінің айналасын оюмен әшекейлеп, оған есік секілді түр берген. Тамның осы ерекшеліктері оны басқа ескерткіштерден оқшауландырып тұр.