АМАНЖОЛОВ Қасым Рақымжанұлы

АМАНЖОЛОВ Қасым Рақымжанұлы (1911, қазіргі Қарағанды обл. Қарқаралы ауд. — 17.1.1955, Алматы) — ақын. Ауыл молдасынан хат таныған. Жетім қалғаннан кейін Семейдегі балалар үйіне орналастырылып, сонда бастауыш білім алған. Бұдан соң Семейдегі малдәрігерлік техникумға түсіп (1927 ж.), оны 1930 ж. бітірді. 1931 ж. Ленинградтағы Орман ш. ин-тына түсті. Бірақ денсаулығына байланысты оқи алмай қайтып оралды. 1931 — 41 ж. “Лениншіл жас”, Орал обл. “Екпінді құрылыс” газеттері редакцияларында, Орал обл. театрында жұмыс істеген. Ұлы Отан соғысы басталысымен әскер қатарына шақырылып, майданнан 1946 ж. оралды. Әскерден қайтқан соң біраз жылдар “Әдебиет және өнер” журналының поэзия бөлімінің меңгерушісі болды.

А-тың тұңғыш өлеңі Оралдың “Екпінді құрылыс” газетінде басылды. Тұңғыш жинағы “Өмір сыры” 1938 ж. жарық көрді. Ақынның соғысқа дейінгі кезеңдегі көркемдік сапасы аса биік туындылары қатарына “Ақыл”, “Бірінші май”, “Жолдас маршал”, “Жалғыз жалау”, “Дүниеге жар”, “Орамал”, “Мен табиғат бөбегі” тәрізді өлеңдері жатады.

Ұлы Отан соғысы кезеңі—Қасым ақындығының әбден қалыптасқан, ең шоқтықты да өнімді тұсы. “Құя алман үгітілген балшық өлең, Көңілімде көл жасаман тамшыменен, Серінің сертке соққан семсеріндей, Өлеңнің өткірін бір алшы менен”, — деп ақын бұл кезеңде қазақ өлең өнеріне мазмұн жағынан да, түр жағынан да мол жаңалық әкелген. Көркемдеу құралдарының — образды сөз өрнектерінің жан тебірентер жаңа үлгілерін тауып қолданды. Бұл тұста ақынның “Байкал”, “Оралым”, “Подполковник Альпин”, “Дариға, сол қыз” өлеңдері, “Мартбек”, “Ақын өлімі туралы аңыз” поэмалары жазылды. А-тың “Ақын өлімі туралы аңыз” поэмасын Ғ. Мүсірепов қазақ поэзиясындағы жаңа бетбұрыс деп бағалады. А. Ұлы Отан соғысынан, халықтық жыр дәстүрін ілгері дамытып, батырлық, ерлік жырларының жаңа үлгісін жасаған, қазақ поэзиясын жаңа өреге көтеріп жырлаған танымал ақын болып оралды.

Соғыстан кейін А. не бары он жыл өмір сүрді. Көркемдік сапасы жоғары лирикалық өлеңдермен қатар “Боран”, “Біздің дастан”, “Бикеш”, “Жамбыл тойында”, “Құпия қыз” тәрізді үлкен эпик. поэмалар жазды. А. ақындығымен қатар үлкен сазгер де болған. Оның әнін өзі шығарған “Дариға сол қыз”, “Туған жер”, т.б. шығармалары халықтың сүйікті әндеріне айналған. А. қазақ әдебиетінде аударма жанрының дамуына да зор үлес қосты. Ол А.С. Пушкиннің “Полтава”, М.Ю. Лермонтовтың “Маскарад”, А.Т. Твардовскийдің “Василий Теркин”, Г. Низамидің “Ләйлі — Мәжнүн” поэмаларын, Т.Г.Шевченконың, В.В. Маяковскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Қазақ поэзиясына он буынды өлең» түрін енгізіп, оны әбден тұрақтандырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *