АМАНДОСОВ Тауман Салықбайұлы (5.11.1921, қазіргі Атырау обл. Балықшы ауд. Кеңөзек а. — 7.7.1991, Алматы) — ғалым, филология ғылымының докторы (1982), проф. (1974). Қазақстан Жоғары мектебінің еңбек сіңірген қызметкері (1982). ҚазМУ-ды бітірген (1950) соң, сонда аға оқытушылыққа қалдырылған. 1952 — 54 ж. ун-ттің сырттай оқытатын бөлімінің проректоры, 1955 ж. деканның орынбасары, 1958 жылдан бастап филол. ф-тінің деканы, 1966 — 71 ж. журналистика ф-тінің деканы, 1969 — 91 ж. кафедра меңгерушісі болып қызмет атқарды. А. қазақ публицистикасының теориясы мен тәжірибесі, баспасөз жанрлары, бұқаралық ақпарат құралдарының жүйесі мен журналистиканың қоғамда алатын орны туралы зерттеу еңбектерін жазды. Атырау қ-нда А. атында көше бар.