АМАНБАЙ ДУАЛЫ — берік қабырғамен қоршалған бекініс, қыстақ. Қарағанды обл. Кеңгір өз-нің сол жақ жағалауында Сарысу өз-не құятын тұсынан 5 км қашықтықта орналасқан. 1946 – 47 ж. Орт. Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшісі Ә. Х. Марғұлан) зерттеген. Сыртқы түрі төртбұрышты үлкен үйінді. Солт. және батыс жағы жақсы сақталған. Қалған екі бүйірін су шайып, сілемі ғана қалған. Қабырғасының ұз. 56 х 50 м, қазіргі биікт. 4 м, қамыспен өріп, екі жақ бетін шыммен қалаған. Іресін өте қалың етіп, (6-7 м), жоғарғы жағын бірте-бірте жұқартқан (1 м). А. д-ның ортасында тұрақ үйдің, ат қораның, т.б. құрылыстардың орны сақталған. Шымнан, қамыстан үй тұрғызу 17-18 ғ-да қазақстанның солтүстігінде кең тараған. Ондай қабырғасы қалың қамыстан тұрғызылған үйлерді «шом қора» деп атаған. Шом қораның орындары Есіл, Нұра өз-нің бойында жиі кездеседі.