АЛЬДЕГИДТЕР, RCHO- құрамында көміртек радикалымен байланысқан альдегид тобы бар органикалық қосылыстар. Ол спирттер құрамындағы сутектің екі атомын алып тастағанда түзіледі. “Альдегид” деген атаудың өзі де alcahol degydrogenatus деген латын сөздерінің (сутектен айырылған спирт) алғы буындарынан құралған. А. өз құрамындағы қышқыл атымен аталады. Мыс., құмырсқа қышқылынан құмырсқа альдегиді не формальдегид (НСНО), сірке қышқылынан сірке альдегиді не ацетальдегид (СН3СНО), т.б. түзіледі. Тиісті көмірсутекке “аль” жалғауы жалғанып, метаналь (НСНО), этаналь (СН3СНО), т.б. деп те аталады. А-ге спирттік және қышқылдық касиет тән. Ол тотығу-тотықсыздану реакциясына бейім, мұның нәтижесінде күрделі эфир не спирт және қышқыл түзіледі. Сондай-ақ А. полимерлену және конденсаттану реакцияларына өте бейім келеді. А. полимерлер, дәрі-дәрмектер, көмірсулар, синтетикалық бояу, т.б. заттар алу үшін қолданылады. Өндірісте А. спирттерді тотықтыру немесе дегидраттау арқылы алынады.