АЛША (Prunus divaricata) — раушангүлділер тұқымдасына жататын ағаш не бұта тектес өсімдік. Биікт. 1,5 — 10 м-ге дейін болады. Жабайы А. түрлері Балқан, Кавказ, Орта Азия, Қырым, Иран және Қазақстанның оңт. шығ. таулы аймақтарында кездеседі. Кәдімгі А-ның бүршігі жалаңаш, майда, ағашқа жеке немесе топталып орналасады. Жемісінің пішіні дөңгелек, ұзынша келген, сары қызғылт немесе қара түсті, жұмсағы шырынды, жемісі сүйекті. А. жемісінің құрамында қант 4 — 9%, органикалық қышқыл (1 — 4%), сондай-ақ витаминдер, пектиндер болады. 3 — 4 жылда жеміс салады, өнімділігі жоғары, әр га-дан орта есеппен 120 — 200 ц өнім алынады. А-ның тіршілік ету ұзақтығы 15 — 60 жыл, өнімді 5 — 20 жыл береді. Құрғақшылыққа, қысқа төзімді, топырақ талғамайды. Ол тұқымынан, қалемшеден, тамыр атпасынан көбейеді. Оңт. Қазақстанда аудандастырылған екі сорты өседі. А-дан, көбінесе, сусын және мармелад жасалады.