АЛХИМИЯ (лат.alchemia)

АЛХИМИЯ (лат.alchemia), шын мәнінде табиғатта кездеспейтін ерекше зат — “философиялық тас” арқылы жай металдардың қасиетін өзгертіп, оларды құнды (асыл) металдарға айналдыру мақсатын көздеген орта ғасырдағы ізденістерді білдіретін ұғым. Алхимияшылдар еңбектері нәтижесінде көптеген маңызды заттар (қышқылдар, тұздар, сілтілер, т.б. элементтер) алу әдістері табылды. А. 1000 жылдан астам (4—16 ғ.) өмір сүрді. Ол орта ғасырдағы діни-мистик. және дүниетанымдық, натур-филос.та ілім болды. А. ілімі “философиялық тасты” тауып, оның қасиетін пайдаланса, ол жай металдарды алтын және күміске айналдырып қана қоймай, адамды жастық шаққа кайта оралта алады деп тұжырымдайды. Алхимияшылдар жер бетіндегі құбылыстарды, жанды, жансыз тіршілікті, табиғат пен қоғамды, адам өмірі мен заттар тіршілігін тұтас алып қарастыруды, зерттеп, тануды жақтады. Олардың көпшілігі мұсылман дініндегі сопылық ағымның өкілдері болды. Сопылар көзқарасы бойынша адамдардың толық жетілмеуі — олардың өз мәнін түсінбейтіндігінде. “Философиялық тасты” табу құралы әр адамның өзінде. Араб тілінде “тас-зат” немесе “аз-зат” — “күн сәулесі” деген ұғымды білдіреді. Ал “зат” (мән) “амалдан” өзге үш элементтен тұрады. Атап айтқанда, күкірттен (жан), сынаптан (мән), тұздан (тән). Алхимияшылдардың адамзат дүниетанымы тарихындағы орнын тек химия немесе жаратылыстану ғылымы шеңберінде қарастыру жеткіліксіз. Олар А-ның (“философиялық тастың”) құдіретімен адамды қолдан жасап, әрі оны ең жоғары дәрежеге дейін жетілдіруге болатыны жайлы мәселе де көтерген. Бірақ бұл идеяны анағұрлым кең пайдаланған сопылар болды. Олар “Жер, су, ауа, от, жан, дене — бұл Мен!”; “Ақиқат, жалған, жақсылық, жамандық, сену, сенімсіздік — ол Мен!”, “Жұмақ, тамұқ, жер, аспан, жын, періште және барлық адамдар — ол Мен!” дей келіп, дүниедегі барлық шындықтың байланысы жайлы қарапайым тұрғыда пікір білдірді. Ағылшын ғалымы Р. Бойль (1661) А. қағидаларына қарсы шығып, химияны ғыл.жолға қоюға тырысты. Ол хим. элементке алғаш дұрыс анықтама берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *