АЛТЫН ОРДА (1243 — 1503)

АЛТЫН ОРДА (1243 — 1503) — орта ғасырларда Шыңғыс хан империясының құрамында Дешті Қыпшақта құрылған түрік мемлекеті. Экон. және әскери күш-қуаты толысып, мәдениеті өркендеген кезеңде (13—14 ғ.) мемл. жерінің көлемі 10 млн. км2-ден асты. Жошы ұлы Бату (Батый) хан тұсында (1227 — 55) А. О- ның құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Бұлғарстан, Солт. Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ енді (1236 — 42 ж.). Бату қолы Орта Азия қыпшақтарының қарсылығын жойған соң, Мәскеу (1238), Киев (1240), Краков (1241), Бреслау (1241), Будапешт (1241) қ-ларын алып, Орт. Еуропа, Тракия өңірін, Австрия, Чехия, Словакияны бағындырды. Бату хан тұсында мемл. астанасы Еділ бойындағы Сарай қ. болып (1243), кейін Берке сарайына (Сарай әл-Жадид) көшірілді. Берке хан билік еткен кезеңде (1257 — 66) Шыңғыс хан ұрпақтары, оларға ере келген әскерлер мұсылман дінін қабылдай бастады, біртіндеп жергілікті түркі халықтарының әдет-ғұрпына бой ұсынып, араласып кетті. А. О. мемл-нің жері Ақ Орда ұлысы, Шағатай (қ. Шағатай мемлекеті), Шайбани (қ. Шайбани мемлекеті) ұлысы сияқты аймақтарға, ал олар жекелеген иеліктерге бөлінді. Ұлыс иелігі Шыңғыс хан ұрпақтарына мұрагерлік ғұрыппен, кейде мемл-ке сіңірген қызметтері үшін де берілді. Маңызды мемл. істерді шешу мақсатында жалпы империялық жиналыс — Құрылтай (хурилтай, хурилта) шақырылды. Құрылтайда хан жариялау және оны салтанатты түрде таққа отырғызу рәсімдері жасалды. Мөңке өлімінен соң (1259) жалпы монғолдық кұрылтайлар шақырылмайтын болды. Ибн Баттутаның деректеріне сүйенсек, Шыңғыс әулеті мен әскери-көшпелі аксүйектердің құрылтайлары ұлыстарда да жыл сайын шақырылып отырған. Ұлыстық құрылтайлардың бірден-бір мақсаты өзара қырқыстарға жол бермеуді көздеді (1269 ж. Талас құрылтайы, 1309 жылғы кұрылтай). Мемл-ті басқару, көшпелі өмірдің нормалары жаңа жағдайға сай келетін заңдар мен ережелер жиынтығы — Шыңғыс ханның жосынымен (Иасасымен) реттелінді. Иаса түпнұсқада сақталмаған, үзінділер мен мазмұны қысқаша баяндау түрінде ғана белгілі. Иаса қаулылары жөнінде мағлұматтар Ала әд-Дин Ата Мәлік Жуайни мен 15 ғ-дағы араб жазушысы Макризи еңбектерінде келтірілген. Шынғыс хан Иасасындағы халық ғұрпының дәстүрлі нормаларының кейін қазақтардың “Жеті жарғысының” кейбір ережелеріне әсері болды. Әскери істі бектербегі, ал азаматтық істерді уәзір басқарды. Даруғалар салық жинаумен айналысса, басқақтар жергілікті халықты әскери бақылауға алды. Қазақстан аумағы монғолдың 3 ұлысының құрамына: үлкен (далалық) бөлігі Жошы ұлысының құрамына, Оңт. және Оңт,- Шығ. Қазақстан Шағатай ұлысына, Жетісудың солт.- шығыс бөлігі Үгедей ұлысына кірді. Бату тұсында Жошы ұлысы оң және сол қанат болып екі мемл. орталыққа бөлінді. Оң қанат Бату мен оның мирасқорларының, ал Қазақстанның кең байтақ жерлерін қамтитын сол қанат Жошының үлкен ұлы Орда Еженнің үлесіне тиді. А. О. Бату, Берке хандар тұсында Шыңғыс хан империясының орталығына, ондағы Ұлы құрылтайға шартты түрде тәуелді болғанымен, Мөңке-Темір (1266 — 80) кезіндеі империядан бөлініп, дербестікке қол жеткізді: А. О. Туда- Мөңке (1280 — 87), Төле-Бұқа (1287 — 91), Тоқты (1292 — 1312), Өзбек (1312 — 42), Жәнібек (1342 — 57) хандар тұсында күшейе түсті. Орда халқы кейіннен қазақ халқы құрамына енген қыпшақ, қоңырат, керей, адай, арғын, уақ, найман, қаңлы тайпаларынан, сонымен қатар Еділ бұлғарларынан, ежелгі хазар ұрпақтарынан, армяндардан, славяндардан, гректерден құралды. Қыпшақ және басқа да түрік тайпаларының ел басқаруда, әскери істе атқарған басым рөлінің басымдылығына байланысты А. О. кейбір шығыс және батыс деректерінде Қыпшақ мемл. атанды. А. О-ның құрылуы сауда, халықар. қатынастардың дамуын, орталықтанған билік идеясының өріс алуын қамтамасыз ететін біртұтас саяси жүйенің қалыптасуына себепші болды. А. О. орыс мемлекеттігінің қалыптасуына игі ықпал жасады. Оның терр-нда пайда болған мемл-тер мен иелігіндегі жерлерде мемлекеттіліктің бірқатар түрлері өмір сүрді. Монғол ақсүйектері түркі тайпаларымен, әсіресе, оның ішінде мәдениеті жоғарырақ дамыған қыпшақтармен араласып, сіңісіп кетті. А. О. Анадолымен, Сириямен, Египетпен, басқа да Шығыс елдерімен сауда қатынасын орнатып, елшіліктер алмасып отырғандықтан Ұлы Жібек жолының маңызды бір тармағына айналды. 13 ғ-дың 1- жартысы мен 14 ғ-дың 1-жартысында орнаған мұндай тығыз байланыстар жөнінде К. Босворт “Орда мәдениеті белгілі бір мұсылмандық-жерортатеңіздік сипатқа ие болды” деп жазады. 1312 ж. Өзбек хан А. О-да исламды мемл. дін етіп жариялады. Еділ бойы мен Орта Азиядағы мұсылмандық дәстүрдің әсерімен далалық мәдениет исламданды. 14 ғ-дың 2-жартысынан бастап А. О-да орталықтандыруға қарсы күштер әлсірей бастады. Орданың батыс жағындағы Еділ бойында, Астраханда, Қырымда, Сарайшықта жергілікті билеушілер күшейіп, Қара т. өңірінде Мамай ордасы қалыптасты. Қазақстанның далалық аймақтары мен Түркістан өлкесінде жергілікті билік күшейді. А. О. жеріндегі саяси өзгерістер оның құрамындағы Ақ Орда, Шайбани ұлыстарының дербес бой көтеруіне мүмкіндік туғызды. Ерзен және Мүбәрәк Хожа хандардың иелігі болған Ақ Орда 14 ғ-дың 2- ширегінде А. О-дан бөліне бастады. 1368 ж. Өріс хан А. О-ны біріктіру мақсатында Еділ бойына әскери жорықтар жасады. 1374 — 75 ж. Сарай қ-н, Астраханды, Кама бұлғарларын бағындырды. Бірақ Мамайдан ығысып, 1376 ж. Сырдария бойына қайта оралды. 1377 ж. Өріс хан өлген соң Тоқтамыс хан Әмір Темірдің жарлығымен А. О. ханы болып жарияланды. Ол 1380 ж. Сарайды, Астраханды, Қырымды, Мамай ордасын бағындырды. Тоқтамыстың күшеюіне және дербес саясат жүргізуіне жол бермеуге тырысқан Әмір Темірмен шайқаста А. О. әскері жеңіліске ұшырады (1380). А. О-мен әскери-саяси бірлікке ұмтылған Моғолстанды шапқыншылыққа ұшыратқан (1390) Әмір Темір 1391 ж. 200 мың әскерімен Отырар — Иасы — Қарашық — Сауран — Сарысу жолы арқылы Ұлытауға жетіп, Жыланшық, Тобыл, Сақмар, Орал өз-дерінен өтті. 1391 ж. Құндышар деген жерде Тоқтамыс хан әскерін тағы жеңді. Кейін Тоқтамыс А. О-ның бірқатар аймақта- рында уақытша болса да би- лігін қалпына келтірді. Ақ Орданың басым бөлігі Едіге бидің қолдауына сүйенген Темір Қүпілыктың иелігінде қалды. 1395 ж. Солт. Кавказдағы Терек өз. аңғарында Тоқтамыс пен Әмір Темір арасындағы шайқаста А. О. әскері үшінші рет ойсырай жеңілді. Әмір Темір А. О. астанасы Сарай Берке, Астрахан, Каффа, Азақ қ-ларын қиратып, орыс иелігіндегі Ельц қ-на дейін жетті. Бұл жағдай бүкіл Еуразия кеңістігіндегі этносаяси ахуалдың, саяси-әскери күштердің ара салмағының өзгеруіне, оның нәтижесінде орыс княздіктерінің тәуелсіздік алуына әкелді. Темірдің жойқын әскери жорықтары А. О-ның құлауына әкеліп соқтырды.1502 ж. соңғы билеуші Шейһ Ахмед ханның өлімінен соң А. О. мемл. жойылды. А.О. жерінде Қырым (1428 — І792), Қазан (1437 — 1556), Қасым (1445 — 1681), Астрахан (1466 — 1557), Сібір (1563 — 1656), Башқұрт (1656 — 1738) хандықтары сияқты мемл. құрылымдар пайда болды. Қазақ хандығы да осы кезеңдерде (шамамен 1466) қалыптасты. А. О. мемл. Қазақстанның еуразиялык мәдениеті, мұсылмандық Шығыс өркениеті мен монғолдар бағындырған елдердің отырықшы-егіншілік мәдениетінің өзара ықпалы тұрғысындағы интеграц. процестердің дамуына мүмкіндік туғызды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *