АЛТЫН ОРДА ТЕҢГЕЛЕРІ — орта ғасырлардағы тиын теңгелер. Алғаш 14 ғ-дың орта тұсында Бұлғар қаласында Берке хан соқтырған (1257 — 67 ж.). Алғашқы теңгелерге Бағдад халифы ән-Насрдың аты, кейін монғол хандары Меңгу, Арығ-Бұғының, Орда хандарының аттары жазылды. 14 ғ-дың 70-жылдарында Алтын Ордада сауда мен экон- ның дамуына байланысты оның құрамындағы Сарай, Сарай әл-Жадид, Сарай әл-Махрус, Хажы Тархан, Сарайшық, Гүлстан, Хорезм, Жент, Баршын, т.б. қалаларында теңгелер соғылды. Сарайшықтағы қазба жұмыстары кезінде табылған тиындардың ең көнесі — Тоқтамыс хан теңгесі (1295 — 96 ж.). Ал кейінгілері Сарайда соғылған Өзбек хандікі. Оның дирхемдері мен пұлдарында мұсылман дінінің суннит символдары салынған. Әр қалада соқтырылған теңгелердің өзіндік ерекшеліктері бар. Кейбір теңгелерде соқтырған ханның аты мен жылы жазылса, кейбіреулерінде әр түрлі тамғалар: жануарлардың, құстардың, балықтардың суреттері, геом. өрнектер бейнеленген. Табылған тиындарда көне түркі тілінде “құтты болсын” деген жазулар, арыстанның, сұңқардың, шығып келе жатқан күннің бейнелері кездеседі. 1996 — 97 ж. Батыс Қазақстан археол. экспедициясы (жетекшісі 3. Самашев) Сарайшыққа жүргізген қазба барысында Тоқтамыс ханның рәміздері салынған күміс және мыс тиындар табылды.