АЛТЫН ОРДА ДӘУІРІНДЕГІ ОБАЛАР — 13 — 14 ғ-лардағы Қазақстанның орт., батыс, солт. аймақтары тұрғындарының зираттары. 1960 ж. акад. Ә.Х. Марғұлан және археолог Ф.Х. Арсланова зерттеген. Павлодар обл. Актоғай ауд. батысындағы обалардан жерленген адамның жанына қойылған сыртында түрлі жануарлардың суреті бар қола айна, күмістен жасалған сәукеле табылды. Мұндай заттар Ертіс өз-нің сол жақ жағалауындағы Жданов, Кашыр, Леонтьев зираттарынан да кездесті. Нұра өз-нің бойындағы обалардан 14 ғ-ға жататын теңгелер және темір үзеңгі шықты. Обалардан алынған заттай деректер Алтын Орда дәуірінде қыпшақтардың материалдық және рухани мәдениетінің жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді.