АЛТЫН ЖАЛАТУ — бүлінуден сақтау және сәндеу үшін бұйымдар бетін электролиттік әдіс арқылы алтынның жұқа қабатымен қаптау. А. ж-дың қарапайым әдісі ежелгі Мысырда қолданылды. Ол кезде алдын ала тазартылған бұйым бетіне алтынның өте жұқа қабаты 1 — 3 қайтара желімделетін. Кейінірек отпен қыздыру әдісі қолға алынды. Бұл әдіс бойынша алтын амальгамасының (алтынның сынаппен қосылысының) қамыр тәрізді қою қоспасы жағылған бұйым отқа қыздырылатын. Фарфордан немесе металдан жасалған бұйым қызған кезде оның бетінен сынап ұшып кетеді де, жұқа алтын қабаты қалады. 19 ғ-дың ортасынан А. ж-дың гальваникалық әдісі қолданыла бастады. Бұл әдісте бұйым бетіне дицианоаурат [KAu(CN)2] ерітіндісіндегі алтын бүркіледі. Қазіргі кезде А. ж-дың жоғарыда аталғандарымен қатар: бұйымға алтын пластинкаларды өте жұқалап жапсыру; жабысқақ лак жағылған бұйымға алтын ұнтағын себу; күміс немесе мыс пластинкаларын алтын пластинкаларымен қоса ыстық прокаттау (қосметалл алу үшін); гальваникалық және катодтық тозаңдау сияқты негізгі әдістері белгілі. А. ж. тех. оптикада, дыбыс жазуда, фотоэлементтер өндірісінде де пайдаланылады. Бұйымдарды алтын түстес заттармен қаптау да А. ж. деп аталады.