АЛТЫ ҚЫРЛЫ МЫЛТЫҚ – көне мылтық түрі. Пілте, шиті мылтықтардың оқпандары темірден, болаттан соғылған (қ. Мылтық). Шығыс елдерінде көне мылтықтың окпаны алты, сегіз, он қырлы болып келеді. Оқ атылғанда жарылмас үшін оқпанның түп жағы мен ауыз жағы жуандау соғылады. Кейде оқпанның осы түбі мен ауызы ғана қырлануы мүмкін немесе оқпанның өн-бойы үстінен ғана қырланады. Мылтық оқпанының қырларына алтын-күміспен ою-өрнек салынады. Оқпан қырының санына сәйкес қазақтар осындай мылтықты А. қ. м., сегіз кырлы мылтық деп атаған.