АЛТЫ АЯҚ — қазақ поэзиясында Абай енгізген шумақ түрі. Ақын осынау шумақ өрнегімен “Бойы бұлғаң”, “Буынсыз тілің”, “Бай сейілді”, “Қор болды жаным”, “Қуаты оттай бұрқырап”, “Ем таба алмай”, “Кешегі Оспан” деген өлеңдерін жазған. Әр шумағы алты жолдан түзіледі. А. а-тың бірінші — екінші, төртінші — бесінші, үшінші — алтыншы тармақтары өзара ұйқасады. 3,6 тармақтары жеті буыннан құралса, басқа жолдары төрт буыннан тұрады (мыс., “Бойы бұлғаң”, “Бай сейілді”, “Кешегі Оспан”). Ал басқаларының буындық және ұйқастық құрылысында, дауыс ырғағының кестесінде біраз өзгешеліктер байқалады. Сөйтіп Абай А. а-тың, оның шумақтық үлгісінің, ырғақтық жүйесінің, ұлттық поэзия тілінің өрнектілік, икемділік, әуезділік сырларын жарқыратып көрсете білген. Аталмыш өлең өлшемін Абайдан кейін қазақ ақындары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Н. Орманбетов, С. Торайғыров, С. Дөнентаев, С. Сейфуллин, С. Мұқанов және т.б. пайдаланды.