АЛТЫН-ВАЛЮТА ҚОРЫ – мемлекеттік ұлттық банкі мен қаржы органдарында сақталатын алтын және шетелдік валюта қоры. Бұған оның халықаралық валюта-кредит ұйымдарындағы алтыны мен шетелдік валютасы енеді. А.-в. қ-ның құрамына: алтын және басқа қымбат металдар; банкнот, тиын түріндегі шетелдік валюталар және шетелдерде сақталатын банк қаражаты; ұлттық банкіде сақталатын валюталық құнды заттар; халықар. танымға ие резервтік активтер; шетелдік үкіметтер мен халықар. қаржы мекемелерінен берілген кепілдікті аудармалы вексельдер кіреді. Алтын және басқа қымбат металдар халықар. төлемдердің күшін сақтау үшін кепілдік-сақтық қор ретінде пайдаланылады. Олардан басқа валюта нарығына интервенция көмегімен өз валютасының сыртқы курсын қолдау үшін ұлттық банк шетелдік валюта түрінде қор сақтайды. А.- в. қ-мен жасалатын операциялардан түсетін табыс көзінің бірі — банкаралық депозиттер.
Қазақстан Ұлттық банкінің “Reuters ” және “SWIRT” телекоммуникац. жүйелерге қосылуы, оның мамандарының тәжірибесі мен біліктілігінің өсуі, қаржы ісіндегі халықар. тәжірибеде қолданылатын күрделі тәсілдерді пайдалана білуі алтын-валюта қорын көбейтуге мүмкіндік туғызады. Мыс., 1994 ж. “Reuters ” жүйесі бойынша 37 депозиттік операция жасалса, 1995 ж. 399 операция жасалды. 1997 ж. Ұлттық банктегі А.-в. қ. 37% өсіп, жыл соңындағы көлемі 1,7 млрд. АҚШ долларына жетті.