АЛТЫНБАЕВ Қалихан Қалиасқарұлы (16.11.1927 ж.т., Семей обл. Жарма ауд. Малай а.) — айтыс ақыны. Республикалық айтысқа алғаш рет 1959 ж. қатысып, екінші жүлдені жеңіп алған (бірінші жүлде ешкімге берілмеген). 1961 ж. Алматыда өткен халық ақындарының респ. жиынына қатысты. Ә. Сарыбаевпен, К. Шәкеевпен, С. Мұқановпен, С. Тоқтарбаевамен айтыстарда айқын басымдылық танытты. 1984 ж. Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған респ. ақындар айтысында үшінші орынға ие болды. 1984 ж. Семей және Жамбыл облыстары ақындары арасында өткен респ. теледидар айтысында қарсыластарын таныстыру, тақырып ашу, өтірік өлең сайыстарында айқын басымдылықпен жеңді. 1990 ж. респ. Айтыста да жеңіске жетті. Ақын шығармалары орыс, өзбек, қырғыз тілдеріне аударылған. “Дала-бесік” (1973), “Қиял қанатында” (1985), “Қалбатау” (1997) жыр жинақтары жарық көрген. “Қойбағар”, “Тепек”, “Мамай батыр”, “Барақ шыққан бауырында”, “Ақырғы айқас”, т.б. тарихи дастандары бар. Оның ұлттық мәдениет тарихы, Абай мен Мұхтар, белгілі ақындар мен жыраулар туралы, қазақтың атбегілік, балуандық спорт өнері туралы ғыл,- көпшілік, этногр. мақалалары мен әңгімелері, ру-тайпалар туралы шежірелері жарық көрді. А-тың ел аузынан жинаған ауыз әдебиеті нұсқалары ҚР ҒМ — ҒА М.О. Әуезов атынд. Әдебиет жөне өнер ин-тының қолжазбалар қорында сақтаулы. А-тың ақындық өнеріне С. Мұқанов, Е. Ысмайылов, М. Қаратаев жоғары баға берген.