АЛТЫБАҚАН — қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. А. құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш- үштен бір басын буып, аралығын үш-төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады, да жоғарғы жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел сүйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама-қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да, оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр.
А. ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп те аталады. А-нан айырмасы ол тұрақты орнатылады және жалғыз адамға арналады. А. б-ның қажетті заттары — тез құрастырылып, жиналатын үй мүліктері. Ойын көпшілікке арналған. Жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлілікке бейімдейді. А. көріністері театр өнерінде халықтың ұлттық тұрмыс ерекшеліктерін көрсету, сахнаны әсерлендіру тұрғысында да лайықты орын алды. Қазақ телевидениесі 70-жылдары көгілдір экраннан жүйелі түрде “Алтыбақан” сауық-кешін ұйымдастырып тұрды.