АЛТЫБАС АҚМОЛДА, шын аты Әлмұхаммед(1860 — 1925) — ақын. Өлеңдері Ахмет Байтұрсыновтың “Әдебиет танытқышына” енген. Алғашқы өлеңдерінен сақталғаны — Ресей отаршылары 1886 ж. Троицкіде Байтұрсын (А. Байтұрсыновтың әкесі) мен оның ағасы Ақтасты соттап, Сібірге айдағанда, соларды арашалай алмаған уез начальнигінің көмекшісін сынға алған өлеңі. Бұл өлеңі Муфтахиддин Ақмолланың өлеңдер жинағына қате енген (Ақмолла, Күндер мен түндер: өлеңдер, толғаулар, термелер, айтыс. А., Жазушы, 1986). А.А. Торғай еліндегі 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан. О. Шипиннің айтуынша, “патшаға қарсы шығу күнә” деп уағыз айтқан Зияуәддин ишанды “Ай ортақ, күн ортақ, ал әділдіктен тайып, халықты алалайтын патшаға қарсы болу күнә емес” деп тиып тастаған. “1916 жыл. Билерге” өлеңінде А. А. қазақ жастарын байлап-матап, солдатқа беріп жатқан би-болыстардың қылығын әшкерелейді. Енді бірде, ел арасын бітістірмей, іріткі салып жүрген Сыр бойының датқаларын сынайды. Ә. Жангелдинге, Т. Сейдалинге, Ы. Алтынсаринге арнаған өлеңдері бар. Филос. толғау түріндегі өлеңдерінің бірінде билік иесі екенмін деп асқақтамауға шақырады, дүниенің өткіншілігін еске салады (Құддыс, Шамға, Үндістанға патша болсаң да, дүниені түгел билесең де, Ақыры барар жерің тар лакат көр). А. А-ның жетпіс шақты өлеңі Қазақстан ЕМ — ҒА-ның қолжазба қорында сақтаулы.