АЛТЫБАЙ КҮМБЕЗІ – 19 ғасырдың ақыры — 20 ғасырдың басында тарақты Алтыбай батырға арнап жасалған ескерткіш-кесене. Бетпақдаланың Арқа жақ шетінде, Қушоқы тауының маңында, Шажағай өз-нің бойында. Қабырғасының биікт. 2,5 м, күмбезі 3,5 м, қалауының ені 0,8 м. А. к. Қазақстанның балшықтан салынған халықтық құрылыстарының елеулілерінің бірі. Кесененің шаршы іргелігі жоғарғы жағы саңырауқұлақ сияқты бітетін үш цилиндрлі сирек кездесетін сатылы күмбезбен жабылған. Күмбездің табаны мен төменгі текшесі жұмыр жартыбағандармен және шағын қуыстармен әшекейленген, осындай қуыстар күмбездің жоғарғы кемерінде де бар. Бұрыштары ширек бағандармен бекітілген мүрде жатқан төменгі шаршы бөлік жоғарғы бөліктен әдемі айшықты бағандармен бөлінген. Күмбездің іші әктелген, жарық түсетін тесіктері бар. Солт.-батыс жағындағы есік орнындағы ойық 2 м-ге созылған доға сияқты дәлізбен жалғасқан. Күмбездің негізгі ғимаратына жалғастырып діни ғұрыптарды орындауға арналған қоршау салынған. А. к. қазақ сәулет өнерінде өзіндік ерекшелігі бар құрылыс болып табылады.