“АЛТАН ТОБЧИ”, Алтын шежіре — орта ғасырдағы монғол тарихнамасының бірегей ескерткіші, монғолдың үш ірі тарихи шығармасының бірі (“Асыл шежіре’’, “Монғолдың күпия шежіресі”). Шығарманың толық аты — “Хандардың тегі туралы алтын шежіре”. А. т-дың осы күнге жеткен екі нұсқасы бар. Бір-бірінен ажырату үшін бұл нұсқаларды “Кіші алтан тобчи” және “Үлкен алтан тобчи” деп атайды. А. т-дың алғашқы (кіші) нұсқасының авторы белгісіз. Шамамен 17 ғ-дың басында жазылған. Монғолдар арасына ламашылдық түріндегі будда діні таралғаннан кейін жазылғандықтан, оның діни сипаты басым болды. Шежіре будда дініндегі әлемнің пайда болуы мен адам баласының жаралуы туралы мифтік хикаялар мен Үнді, Тибет патша-әулиелері жайлы аңыз— әңгімелерден басталып, монғол тарихымен жалғасады. Ондағы Шыңғыс хан туралы шежіре-аңыздар мен Үгедей, Құбылайлардан (Хубилай) бастап Тогонтемірге, ең соңы Линданханға дейінгі 270 жыл ішінде өткен оқиғаларды баяндайтын тараулардың тарихнама үшін ғыл. маңызы өте зор. А. т-дың екінші нұсқасын 1630 ж. ордостық монғол ламасы Лобсанданзин өңдеп, толықтырған. Бұл нұсқада да бұрынғы діни мазмұндар түгел қайталанбас бұрын әуелі Шыңғыс ханның арғы тегін будда аңыздарындағы әулие-әнбиелерден таратады. Дегенмен бұл нұсқаның бір артықшылығы — ол 13 ғ-да жазылған “Монғолдың құпия шежіресі” деректерімен толықтырылған, әрі халық арасындағы шежіре-аңыздар мен мақал— мәтелдер кеңінен қамтылған. Мазмұндық қайшылықтары болуына қарамастан А. т-дағы деректер Қытайдың ресми тарихи жазбаларындағы жаңсақ кеткен тұстарын толықтыра түседі. А. т. қытай, орыс, жапон тілдеріне аударылған.