АЛТАЙ ТІЛДЕРІ — дүние жүзіндегі ірі тілдер шоғырының бірі. Шамамен 300 миллион адам осы тілдерде сөйлейді. А. т-не Еуразия кеңістігіндегі түркі тілдерінің қыпшақ, оғыз, бұлғар-қарлұқ топтары (33 тіл), монғол тілдерінің халқа, ойрат, бурят, цахар топтары (10 тіл), тұңғыс— манжұр тілдерінің эвенк, нанай, манжұр, шүршіт топтары (15 тіл), жапон-корей тілдер тобы, (2 тіл), фин тілдерінің саам, фин, мордва, коми топтары (15 тіл), угор тілдерінің ханты-манси, мажар топтары (3 тіл), самоди тілдерінің ненец, селкуп, юкагир, эскимос (4 тіл) топтары жатады. Оған үндістер тілі — майя, алеут, сиу, кечуа, т.б. тілдер де қосылады. А. т-нің туыстығы түркі-монғол, түңғыс-манжұр, жапон-корей тілдері тұрғысында сараланады. Бұл тілдер шоғырының туыстық тегі түбір морфемалар құрамында ерекше сақталған.