АЛТАЙ АЙМАҒЫ — Қытай Халық Республикасы Іле Қазақ автономиялы облысына қарасты әкімш. аймақ. Батысында Қазақстанмен, солт.-батысында Ресеймен, солт.-шығысында Монғолиямен шектеседі. Жер көлемі 117 мың км2, халқы (әскери өндіріс- құрылыс корпусын есепке алмағанда) 549,9 мың (1997). 8 ұлттың өкілі тұрады, соның ішінде қазақтар 50,5%. Орталығы — Алтай қ Әкімш. жағынан 6 ауданға (Шіңгіл, Көктоғай, Бурылтоғай, Буыршық, Қаба, Жеменей), 1 қалаға (Алтай) бөлінеді. А. а-ның жер бедері таулы келеді. Орман- тоғайы мол (1,5 млн. га). Климаты қатаң континенгті. Табиғаты көркем, жер асты кен байлықтарына бай. Онда мұнай, көмір, темір, алтын, күміс, марганец, қорғасын, қалайы, фосфор, күкірт тұзы бар.
А. а. ертеде найман, керей, қаңлы, үйсін, т.б. түркі тектес тайпалардың мекені болған. 8 — 9 ғ-да Енисей қырғыздары, 12—13 ғ-да наймандар, 14 ғ- да Әмір Темір, 16 — 18 ғ-да батыс монғолдар (ойраттар), 18 ғ-дың 2-жартысынан бастап керейлер билік құрды. 1758 жылдан бергі Қытайдың Манжұр империясының бұл өлкені өз қол астына қаратпақ болған ниеті 1864 ж. Қытай мен Ресей арасындағы шекара келісімінен соң жүзеге асты. 1904 ж. А. а. Монғолия арқылы Пекинге тікелей қарайтын болды. 1911 ж. Циньхай революциясынан кейін Қытай отаршылдарының қолына көшті. 1919 ж. А. а. Шыңжаң өлкесіне қосылды. 1912 — 28 ж. Яң Зыңшин, 1928 — 33 ж. Жин Шурын, 1933 — 44 ж. Шэн Ши Сай басқарған өлкелік Қытай үкіметінің езгісінде болды. 1940 ж. А. а-нда қазақ шаруаларының Қытай үстемдігіне қарсы ұлт-азаттық көтерілісі болды. Бұл күрестің нәтижесінде А. а. Шығыс Түркістан респ-ның (1944 — 49) құрамына кірді (1945, қыркүйек), 1949 ж. Шығыс Түркістан респ. құлағаннан кейін Шыңжаң өлкелік үкіметіне қарады. 1954 ж. ҚХР-дағы қазақтар тығыз орналасқан Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтарының негізінде Іле Қазақ Автономиялы облысы құрылды. Халқы, негізінен, мал ш-мен айналысады. А.а-нда Ақытқажы Үлімжіұлы, Оспан батыр Сіләмұлы, Шәріпхан Жеңісханұлы, Дәлелхан Сүгірбайұлы сыңды қазақ халқының көрнекті өкілдері туып-өскен.