АЛТАЙ,Алтай тау жүйесі

АЛТАЙ,Алтай тау жүйесі — Азия құрлығының орта тұсындағы таулы өлке. Ұз. батыстан шығысқа қарай 2000 км-ге созылып жатыр. А. солт.-батыстан оңт.-шығысқа қарай Батыс Сібір ойпатынан Гоби жазығына дейін жан- жаққа таралған. Оңт-тегі табиғи шекарасы Қара Ертіс өз. мен Зайсан көлі, ал батыс бөлігі Сарыарқадан Қалба жотасы арқылы бөлінеді. Солт.- шығыста Шығыс А.-дың Шапшалы жотасы Батыс Саянмен жалғасады. 

Жер бедері. А-дың өзіне тән орографиялық ерекшеліктері бар. Оның жоталары мен қыраттарының биіктігі, сондай-ақ олардың бағыттары жер бедеріне ерекше сипат береді. А-дың ең биік және қатты тілімденген жоталары — Қатын, Оңт. және Солт. Шуй, Оңт. Алтай, Сарымсақты, Сайлүгім, Чихачев, т.б. Олардың орташа биікт. 3000 м-ден асады. Мұнда альпі типтес жер бедері басым. Тау беткейлері өте тік, құзды, шыңды, шатқалды, жартасты келеді. Тау жүйесінің ең биік шыңы — Ақтау (Мұзтау) (4056 м). Осы тұстан бастап таулар жан- жаққа қарай біртіндеп аласарады. Орташа биікт. 1500 — 2000 м таулардың үсті жадағай, тегіс, тек кей жерлері ғана дөңес, ал беткейлері тік келеді [мыс., Шабанбай таулары, Қоржынтау (Холзун), Тегерек (Тигирец), Үлбі жотасы, Ануй жотасы, т.б.]. Орталық және Оңт. А-дың басты жоталары мен тау тізбектері, негізінен, ендік бағытта, ал Батыс және Солт. тау жоталары оңт.-шығыстан солт.-батысқа қарай, кейбірі бойлық бағытта созылған. Алтай тауларына ұзын, кейде кең дала деп аталатын тектоник. тауаралық ойыстар (Шуй, Құрай, Ойман, Абай даласы, Нарын даласы) мен үстіртті жазықтар тән (Үкөк, Үлаған, Чулышман, Жайдақ, т.б.). Олар ел қоныстанып, мал жаюға өте қолайлы.  

Геологиялық құрылысы мен кен байлықтары. А. тауларының қазақстандық бөлігі геол. тұрғыдан 4 ауданға бөлінеді: Кенді Алтай, Таулы Алтай, Оңт. Алтай және Қалба жотасы. Олар Орал — Монғол геосинклинальдық белдеміндегі қайта көтерілген тауларға жатады. Оның оңт. бөлігін Сібір платформасы құрайды. Таулы өлкенің іргетасы, негізінен, палеозой дәуірінде пайда болған терригенді, карбонатты және жанартау текті метаморфтанған тау жыныстарынан түзілген. Кейбір тұсында интрузивті жыныстар жер бетіне шығып жатыр. А- дан палеозой құрылымының іргетасы болып саналатын жоғарғы протерозойдың тақтатастары, кварциттері кейбір антиклинорийлер мен горсттер (Қатын, Теректі жоталары) құрамынан табылды. Жоғарғы палеозой, юра, палеоген, неоген, антропоген кезендерінде пайда болған, құрамында қазба көмірі бар континенттік жыныстар бірен-саран тауаралық ойыстар мен грабендер де (Шыңғыстай, Голубовка а-дары маңында, Құрай даласы, Көкпекті, Кіші Бөкен, Үлбі өз-дерінің бойында) кездеседі. Ең көне, ерте каледондық құрылымдар А-дың шығысын алып жатыр. Бұл құрылымдық процесс орталық А-да ордовик пен силурде, ал оңт.-батыс А-да төменгі тас көмір кезеңінде аяқталды. Осы кезде (негізінен, блоктық өте қуатты тектоник. қозғалыстар нәтижесінде) интрузив жыныстары пайда болған. Онда қорғасын, мырыш, мыс, темір, алтын, күміс, вольфрам, молибден, қалайы, тантал, ниобий, сынап, т.б. металдық кентастар, тас көмір, қоңыр көмір, жанғыш тақтатастар, асыл және әшекей тастар, құрылыс материалдары мол. Бұлардың ішінде аса маңыздысы — Шығыс Қазақстанның түсті металлургия базасын құрайтын полиметалл кентастары  

Климаты. А-дың климаты тым континентті. Қысы суық әрі ұзақ. Қаңтар айының орташа темп-расы тауаралық ойыстарда -27—30°С, тау етектері мен жазық жерлерінде -13— 16°С. Ең суық орташа темп- ра Марқакөл к-нің маңында (-27,6°С). А-дың ең жылы шілде айының орташа темп- расы 18—20°С, ал 1000—1500 м биіктікте ол 14—16°С-тан аспайды. Ең жоғары темп-ра Зайсан қазаншұңқырында (40°С-қа дейін). Жер биіктігі артқан сайын, темп-ра инверсиясының нәтижесінде, қысқы темп-ра төмендеп отырады. Сондықтан тауда қыста жылы, жазда салқын, далалар мен жазықтарда қыста суық, жазда ыстық болып келеді. Ылғалды, желге ашық жатқан Батыс және Солт.-шығыс А- да жауын-шашын мөлш. 1200 мм-ге жетеді (кей жерлерде 2000 мм). А-дың шығысы мен оңтүстігінде жауын-шашын мөлш. 200 — 300 мм (Шуй даласында 100 мм), ал Зайсан қазаншұңқырында 150 мм ша- масында. Жауын-шашын, көбінесе, көктем мен күз айларында жауады. Өзен бойы мен тауаралық ойыстарды қуалай соғатын тұрақты жел жазда сирек байқалады. Қыста батыстан суық әрі қарлы- боранды “құбыла желі”, оңтүстіктен жылы “Алтай желі” соғады. Ауа райы А-да “құбыла желінен” кейін ашық, аязды болып келсе, “Алтай желінен” кейін онда бұлтты әрі жылы болып, қар жауады.  

Өзендері мен көлдері. А. тауларының өзендері тығыз орналасқан. Таулардың өте қатты тілімделген жоталары Обь, Енисей, Ертіс өз-дерінің суайрығы болып табылады. Басты өзендері — Ертіс салалары: Қаба, Қаджыр, Күршім, Нарын, Бұқтырма, Үлбі, Оба; Обь салалары: Ануй, Песчанка, Қатын, Бия; Енисей салалары: Абакан мен Монғолиядағы Қобда өз-дері де А. тауларынан басталады. А. өзендері суы мол, ағыны қатты және түгелдей дерлік су энергиясы қорына бай болып келеді. Өзендер, негізінен, мамыр — маусым айларында тасиды және қар, жаңбыр, еріген мұздық суларымен толығады. А. тауларының өзендерінде 70-тен астам сарқырамалар мен 3500-дей үлкенді- кішілі көлдер бар. Олардың ең ірілері — тектоник. ойыстардағы Алтынкөл, Марқакөл, Қаражал, Қамысжал, ал қалғандары, негізінен, мұздықтар еруіне байланысты моренаның бөгенінен пайда болған ұсақ көлдер. А. тауларында 1000-нан астам мұздықтар бар. Олардың жалпы ауд. 89,3 км2— ге жуық. Негізгі мұздықтар орталығы болып Шуй жоталары мен Тобын — Богдо — Ола тау торабы саналады. А-дың ең биік шыңы — Ақтаудың (Мұзтаудың) төңірегінде 6 ірі мұздық бар, олардың ең ірісі — Ақбұлақ өзенінің бастауындағы Беріел (Барель) мұздығы.  

Топырағы мен өсімдігі. А-да өте айқын ажыратылатын тік белдеулі ландшафт жүйесі қалыптасқан. Солт. және батыс тау етектерінің 400 — 700 м биіктігінде шалғынды, әр түрлі өсімдіктер мен астық тұқымдасты дала, ал 1200 — 1700 м биіктікте жусанды- бетегелі дала қалыптасқан. Бұл таулы дала белдеуін қара және ашық қоңыр топырақ көмкерген. Көп жерлерінде бұта (итмұрын, ұшкат, тобылғы, қараған, т.б.), ал өзен мен бұлақ бойларында тал, қайың, мойыл өседі. Таулы-орманды белдеу А-дың 70% аумағын алып жатыр. Мұнда жалпақ жапырақты орман өседі. Орт. және оңт. А-дың 2200 — 2500 м биіктігін қылқанды орман (самырсынды-балқарағайлы) қамтыған. Одан жоғары биік таулы альпілік белдеуде субальпілік бұталар мен шалғын өседі. Шығыс және солт.-шығыс бөлігін таулы тундра, одан жоғары жағын жартастар, тас қорымдар, қар алаңдары мен мұздықтар алып жатыр. Топырағы қара сұр, күлгін болып келеді. 

Жануарлар дүниесі. А-да шөлейтке, далаға, орманға және биік тауларға тән жануарлар кездеседі. Дала жануарларынан: қасқыр, көртышқан, саршұнақ, терісаяқ; орман жануарларынан: қоңыр аю, марал, солт. бұғысы, елік, күдір, сілеусін, барыс, бұлғын, құндыз, тиін, боршатышқан, сасық күзен, қоян, түлкі; биік тау жануарларынан: суыр, шақылдақ, таутеке; құстардан: ұлар, құр, шауқарға, тоқылдақ, үнді қазы, шіл, кекілік, үкі, сауысқан, қарға, байғыз, көкек, торғай, бөдене, тарғақ, су торғай, т.б. мекендейді. Ал жазда мекен ететіндерден тырна, сары ала қаз, үйрек, т.б. бар. Үлкен өзендерінде бекіре, тайман, алабұға, ал кішігірім өзендерінде хариус кездеседі. 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *