АЛПАРСЛАНТүркеш (Башбұғұ) (25.11.1917, Кипр аралы, Лефкоше қ. — 4.4.1997, Анкара) — Түрік Республикасының белгілі саяси қайраткері, ойшылы. Ата-бабалары Кайсериден (Түркияның көне орталығы) шыққан. Ұлы атасы Әріп (Ариф) осы Кайсери уәлаятынан көшіп, Кипрге қоныстанған. А. бастауыш және орта мектепті Лефкошеде бітірді. Кейінірек Түркештер отбасы Түркияға қоныс аударып, Стамбұлға орналасқан. Мұнда А. Күлели әскери лицейін, әскери уч— щені, одан соң әскери акад-ны аяқтаған. 1955 — 57 ж. аралығында Түркия Қарулы Күштері Бас штабының Вашинттондағы өкілі болды. А. 1960 ж. мамыр айына дейін Еуропада өткен НАТО жиындары мен әскери жаттығуларына Түркияның Бас штабы атынан қатысып отырды. 1960 — 63 ж. Түркия Сыртқы істер министрлігінің Үндістандағы кеңесшісі қызметін атқарды. Бірнеше рет Түркияның Ұлы Ұлттық мәжілісінің (парламенттің) депутаты болып сайланды. А. — “Түрік-тұран бірлігі идеясы” қоғамдық қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі (1944), “Ұлтшылдық қозғалыс партиясының” негізін қалаушы (1965), әрі отыз жылдан астам уақыт бойы төрағасы. Оның есімі ондаған жылдар бойына бүкіл түркі әлемі бірлігі мен түркі халықтарының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық күресінің байрағына айналды. Ол өзінің қоғамдық қызметтерінде “Түрікшілдік”, “Тұраншылдық”, “Адамгершілік” мұраттарын басшылыққа алды. Бірнеше кітаптардың және мақалалардың авторы. Оның “Негізгі көзқарастар”, “Түркия мәселелері”, “Сыртқы саясатымыз және Кипр”, “Қаһармандық рухы”, “Жаңа ұрпақтарға арнау”, т.б. еңбектері жұртшылыққа кеңінен мәлім. Әсіресе, “Тоғыз нұр” (“Докуз ишык”) атты еңбегінің алатын орны ерекше. А. бұл шығармаларында түрік қоғамын дамыту, гүлдендіру үшін 9 принциптен тұратын ұлттық доктрина ұсынды. Олар: ұлтшылдық, мұратшылдық, моральшылдық (түрік ұлтының өз рухына, салт-дәстүріне, болмысына сәйкес мораль қалыптастыру қажеттігі), ғылымшылдық, қоғамшылдық (іс-әрекеттің бәрін түрік қоғамының мүддесіне бағыттау), ауылшылдық (ауылдарды агроқалашықтар деңгейіне жеткізу), дамушылық, халықшылдык, өндірісшілдік және техникашылдық. А. еңбектері мен өсиеттері түрікшілдік рух пен сананы қалыптастыруда маңызы зор мұралар қатарына жатады. Ол 1997 ж. 11 — 13 сәуірде Стамбұлда өткен түрік мемл-тері мен қауымдарының достық, бауырластық және іс- бірлігі жөніндегі 5-Құрылтайында сөйлеуге дайындаған сөзінде де: “Бір-бірінің ішкі ісіне араласпайтын, үйлесімділік принципі бойынша әрекет ететін, тең құкықтар мен тең шарттар қатынастарын жүргізетін және осы формада ынтымақтастық жасайтын түрік республикалары — Түрік бірлестігінің құрылуына” үлкен сеніммен қарады.