АЛПАМЫС БАТЫР

“АЛПАМЫС БАТЫР” — қазақ халқының қаһармандық эпосы. Мазмұны терең, көркемдігі мен тарихи шындықты қамтуы жағынан “Одиссея”, “Манас”, “Калевала”, “Қобыланды батыр”, т.б. жырлар секілді әлемге танымал эпостық жыр. “А. б-да” халықтың басынан өткен қаһармандық оқиғалар эпик. әсірелеу зандылығымен берілген. Жырда талай заманның түсінігі, дүниетанымы, шындығы қат-қабат қорытылып, жинақталған. Мұнда түрік қағандығы дәуіріндегі (5 — 7 ғ.) азаттық үшін күрестің сарындарынан бастап, 17—18 ғ-дағы қалмақ шапқыншылығына қарсы қаһармандық ұрыстардың нақтылы елестері де сезіліп отырады. Зерттеушілер (В.М. Жирмунский, т.б.) “А. б.” жырында көне дәуірдің салт-дәстүрі, әдет- ғұрпы неғұрлым айқын бейнеленгенін атап өткен. Жыр дәл қазіргідей классик. бүтіндікке ғасырлар бойында жетілу, толығу арқасында жеткен. Әсіресе, жырдан батырлық ертегілердің жігі айқын байқалуы эпосты ең байырғы туындылардың бірі деп есептеуге мүмкіндік береді. Мыс., жырда қарт ата-аналардың жаратқаннан перзент тілеп, әучиелерге түнеп мінәжат етуі, болашақ батырды зарығып көруі, жас қаһарманның жедел ер жетіп, айрықша қайрат танытып, өзі таңдап жүйрік ат мінуі, жау шапқыншылығына ұшыраған елінің кегін қайтарып, туған елін бақытқа кенелтуі, өзіне өмірсерік болатын сұлу жар таңдап бақытты өмір кешуі секілді ежелгі батырлық ертегілерге тән тұрақты сарындар жырда мейлінше анық және толық көрсетіледі. Алпамыс жау зынданында жатқан кезінде оның қалыңдығы Гүлбаршынды Ұлтан құлдың зорлықпен алуға ұмтылуы, батырдың өз әйелі “тойының” үстінен шығуы бұл эпосты ертедегі гректің “Одиссеясымен” үндестіреді. Әлбетте, жырдың ең қызықты тармағы қазақ халқының бертіндегі тарихи өмірінің сипатын беретіндігі. Қазақ халқының 17 — 18 ғ-да қалмақ жаулаушыларына қарсы күресі көптеген жырларда фабулалық шынайы көрініс береді.. Жырда көрсетілген жер, мекен, адам аттары, елдің шаруашылық кәсіптері, салт-ғұрыптары эпостың қазақ халқының төл туындысы екендігін дәлелдейді. Қаһармандардың туып- өскен, өмір кешкен елі — жиделібайсын тайпасының нақты аты — қоңырат болып көрсетілгені көптеген ғалымдардың, соның ішінде Жирмунскийдің дастанды қоңыраттардың тайпалық эпосы деп айтуына мүмкіндік берген. Дегенмен, эпоста сипатталатын оқиғалар, адамдардың іс- әрекетінің молдығы, сан дәуірдің наным-сенім ерекшелігін танытатын тұстары эпостың шеңберін бүкілқазақтық көлемге көтереді. “А. б.” жырының халықтың есінен мәңгілік ұмытылмастай орын алу себебі — тарихи әлеум. шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де — қазақтың көшпелі өміріне тән мейлінше етене жайттар. Байбөрі мен Байсарының бір-бірімен уәде байласып құдандалы болуы — қадым замандағы нағыз қазақтың шындығы. Құдалардың көкпар үстінде бір-бірімен өкпелесіп, Байсарының жат елге көшіп кетуі, барған жерінде зәбір көруі, ақырында Гүлбаршын сұлуды Алпамыс батырдың іздеп тауып, көп қиыншылықтан, азапты оқиғалардан соң алып қайтуы — ұзақ жылдарға созылған жаугершілік заманның елестері. Әлбетте, Алпамыс та, Гүлбаршын да, мейлінше, әсіреленген. Идея, мұрат дәрежесіне көтерілген бейнелер. Батырға тән ерекше қасиеттер: жаудан сескенбейтін батылдық, қалың дүшпанға қарсы шабатын, намыс пен арды жоғары қоя білетіндік, еліне камқорлық Алпамыстың басынан табылса, әйел атаулының ең ұнамды сипаттары болып табылатын ақылдылық, мінезділік сыңды белгілер Гүлбаршынға тән болып көрінеді. Мұндай бейнелер халықтың ең ізгі адамдар туралы ұғымына, арманына сәйкес келеді. Эпостың қай заманда да халық көңіліне дөп келетін қасиеттері — болғанды ғана емес, болуы мүмкіннің де жинақталып берілуінде. Алпамыстың отқа салса күймейтін, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін болып көрінуі халықтың ешқашан жойылмайтын, жақсылықтан үмітін үзбейтін дәл осындай ел перзенті болса дейтін арманынан туған.

“А. б.” жыры ел арасында замандар бойында айтылып келгенімен, баспа жүзін алғаш рет 1899 ж. (“Қисса-и-Алпамыш”, Қазан) көрген. Қазан төңкерісіне дейін бұл жыр 7 рет қайталанып басылып шыққан. Жырдың ел арасындағы түрлі нұсқаларын іздеп тауып, хатқа түсіріп, орысша мазмұнда бастырған — атақты фольклоршы Ә. Диваев. Ол бұл жырдың бір нұсқасын қарақалпақ бахшысы Жиемұрат Бермухамедовтан, тағы бірер нұсқасын Шымкент оязының тұрғыны Е. Ақылбековтың қолжазбасынан алған. Кеңес жылдарында өзге де батырлық жырларымен қатар “А. б.” сан рет қайта басылды. Оның тарихи, көркемдік мәні мен орны туралы М. Әуезов, С. Сейфуллин, Қ. Жұмалиев, Ә. Марғұлан, М. Ғабдуллин, Н. Смирнова, Т. Сыдықов сынды зерттеушілер арнаулы еңбектер жазды. Бұл қатарда орыс ғалымы Жирмунскийдің түрік батырлық эпосы туралы монографиясын айрықша атап өтуге болады. “А. б.” жырының дүние жүзіне мәлім болуына осы еңбектердің пайдасы зор болды. Жырдың аса тартымды, кең танымал болуының тағы бір сыры оның фабулалық желілерінің түркі тілдес халықтарда да ұшырасуына байланысты. Қазақ халқының бірнеше ертегілерінде “А. б.” жырының оқиғалық сарыны кездеседі. Татар, башқұрт халықтарында бұл тақырып ертегі түрінде айтылады. “Китаб-и дәдәм Қорқыт” пен “А. б.” жырының тараулары арасындағы ұқсастық тарихтың тағы да бір терең қабаттарына бойлатады. Мұның өзі қыпшақ- оғыз халықтарының бір заманда Сырдария бойларында ұзақ уақыт аралас өмір кешкендігінің де куәлігіндей. Тәуелсіздік туын көтерген көптеген түркі халықтары егемендік алған заманда бұл елдердің ерте кездегі өнер байланысын, тағдырластығын, мүдделерінің ортақтығын, көркемдік ойлау мәдениетінің жақындығын көрсететін, этник. туыстықты дәлелдейтін нағыз қымбат куәліктің бірі — “А. б.” жыры болуы оның халықар. деңгейдегі мәнін арттыра түседі. “А. б”-дың түпнұсқасының пайда болғанына 1200 — 1300 жыл толды деп тұжырымдауымызға да осы мысалдар айқын себеп. Жырдың үлкен, көркем поэзиялық нұсқалары туысқан қарақалпақ, өзбек халықтарында да кездеседі. Бұл көрсетілгендер “А. б.” жырының көптеген түркі халықтарының бастан кешкен тағдыр- талайын еске салатын жалпы түркілік қасиетінің молдығын аңғартады. “А. б.” жырының халық арасында айрықша қастерленуі оның түрлі нұсқасы көп болуына ықпал етті. Қазан төңкерісіне дейін бұл жырды Қазақстанның барша облысында айтып келгені белгілі. Сол нұсқаларда жырдың жаңа үзінділері кездесіп отырады. Бұл өлкеде осы жырдың түрлі нұсқаларын айтқан С. Аққожаев, Ә. Байтұрсынов, Е. Керімбетов, А. Нысанов, Ж. Жақыпов тәрізді ақын- жыршылар өмір кешкен. Әсіресе, Сұлтанбек Аққожаевтың жазып алған нұсқасы “А. б.” жырларының ішіндегі ең толық, әрі көркем түрі болып табылады. “А. б.” күйтабаққа жазылған. Ауыз әдебиеті шығармаларының қымбат қасиетінің бірі — жаңа жазба туындылар жасауға негіз болатындығында. “А. б.” жырының оқиғалық, құрылыстық және көркемдік ерекшеліктері бірталай авторларды жаңа туындылар жасауға ұмтылдыр- ған. Мыс., Өзбекстан мен Қарақалпақстан қаламгерлері осы жыр негізінде пьеса жазды. Ал қазақ композиторы Е. Рахмадиевтің “Алпамыс” операсы (Либр. жазған К. Кенжетаев) рухани құндылықтарымыздың қатарына қосылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *