АЛПАМЫС БАТЫР (б.з.б. 110 — 50) — шүршіттермен соғыста ерекше ерлік көрсеткен қолбасы. Тайчу (Тайшық хан) ғұн мемлекетін біржола жою мақсатында көшпелілер еліне бірнеше дүркін әскер аттандырады. Алғашқы 5000 адамдық қолды Ли-Лин деген қолбасы басқарып келіп, ғұн әскерлерінің қоршауына түсіп, қырғынға ұшырайды. Бұдан кейін Тайчу Ли Гуан Лиге 160 мың, Гунь-Сунға 10 мың, Хан Юеге 40 мың әскер беріп, б.з.б. 97 ж. ғұн ордасына қарсы жорыққа жөнелтті. А. б. қолы бірнеше аптаға созылған жойқын шайқаста шүршіт әскерлерін ойсырата жеңді. Юй-шы Да-Фу қолбасы, ханзада Ман-Тхун және Цио Ген бастаған 140 мың атты әскерін б.з.б. 90 ж. ғұн ордасын шабуға қайта аттандырды. Бұларды Құлеке шаньюй қарсы алып, бір-біріне қосылуға мүмкіндік бермей талқандады. Осындай жойқын соғыстардың бірінде А. б-дың жау қолына түсуі жыр-дастанға айналып, біздің дәуірімізге жетті.