АЛОЭ, с а б ы р (Аlое) — лалагүл тұқымдасына жататын көп жылдық бұта, кейде шырмауық түріндегі мәңгі жасыл, қуаңшылыққа төзімді өсімдіктер. Тропиктік, субтропиктік белдеулерде кездеседі. Биікт. 7 — 12 м-дей, сабағы жуан, жапырағы шырынды, етті, тікенді болып келеді. Қызыл, қызғылт сары, сары түсті, гүлі түтікше келген қоңырау тәрізді гүл шоғырына топталған. Сирек гүлдейді, негізінен, құстар арқылы тозанданады. Тұқымынан кейде өсімді (вегетативті) жолмен де көбейеді. Тұқымы жалпақтау қоңыр түсті. А-ны көбейту үшін сабағының түбінен шығатын атпа бұтақтарын аналық өсімдіктен бөліп алып, құмды құнарлы топыраққа отырғызу керек. Қазақстанда а ға ш т ә р і з д і А. (A.arboresсens) түрі қолдан өсіріледі. А-ның жапырақ құрамында глюкозид, эфир майы, т.б. дәрілік заттар бар, сондықтан А-ның шырынын түрлі ауруларды емдеуге қолданады.